Мәдениет

Ренат Ибрагимовтың концерті

 

Бұл – Ренат Ибрагимовтың Петропавл сахнасындағы алғашқы концерті емес. Белгілі әнші осыған дейін де жерлестерімізді бірнеше рет өз өнерімен тамсандырған. Дарын иесі өлеңді орыс тілінде ғана емес, сонымен бірге татар және украин тілдерінде де шырқады. Ресей және Татарстанның халық әртісі қазақстандықтардың арасында да сыйлы екен. Сондықтан болар, Н.Погодин атындағы орыс драма театры көрерменге лық толды.

 

-Бұл концертке арнайы ауылдан келдім. Осыған дейін Ренат Ибрагимовты теледидардан ғана көргенмін. Бүгін жақсы мүмкіндік туып отыр.

-Ренат Ибрагимов – атақты әнші. Оның әндерін қатты ұнатамыз. Біздің қалаға келгеніне қуанып қалдық.

-Әртістің барлық әндерін сүйіп тыңдаймыз. Оны Мүсілім Магомаевқа ұқсатамын. Дауысы керемет.

 

Ренат Ибрагимовтың танымал әнші болуына «Алая гвоздика» әндер байқауы әсер етіпті. Мұнда өнер иесі бас жүлдеге ие болған. Сол кезден бастап ол зор даусымен талай жанның жүрегіне жол тапты.

 

Ренат Ибрагимов,  Ресей және Татарстанның халық әртісі:

-Біз алдымен халық үшін жұмыс істейміз. Біздің айтқан әндеріміз жұрттың көңілінен шығуы тиіс. Сондықтан, әртістер үшін тыңдаушы қауымның пікірі, олардың ойы маңызды. Алдағы уақытта 2 альбом шығару жоспарда бар. Ондағы әндер де көпшілікке ұнайды деген сенімдемін.

 

Бүгін солтүстікқазақстандық өнерсүйер қауым Ренат Ибрагимовтың “Загадай желание” және «Я слушаю отцовские пластинки» альбомдарындағы әндерін тыңдады.

 

Айдана Демесінова