Спорт

Петропавлда спорттық акробатикадан ҚР чемпионаты өтті

 

Өңірде акробатиканың дамығанына 50 жыл болған. Осы уақыт аралығында бірталай спорт шебері тәрбиеленді. Білікті жаттықтырушылардың қолынан шыққан жерлестеріміз әлемдік ареналарды бағындырып, ел намысын асқақтатып жүр дейді бапкерлер.  Бүгінгі тағы бір оңай емес тартыста бабын сынап көруге еліміздің түкпір-түкпірінен 180 спортшы жиылды. Жеңемін деп белді бекем буғандардың барлығы – өз аймақтарының кілең үздіктері. Анар Мұрсали Алматы қаласының намысын арқалап келіпті. 11 жасар дарынды қыз спорт шеберіне үміткер. Ол акробатикамен 6 жыл айналысады екен. Ал, петропавлдық жұп – Анастасия Бейсембаева мен Александр Зотов акробатикалық күрделі хореографиялық қимылдар жүйесімен ерекшеленді.

 

Анастасия Бейсембаева,  сайыскер, Петропавл қаласы:

-Ұзақ уақыт бойы дайындалдық. Өзімізді жаңа қырымыздан танытқымыз келді. Ойымыз сәтті жүзеге асқанына қуаныштымыз. Ендігі мақсат – спорт шебері талаптарын мүлтіксіз орындау.

 

Жарыстан озып шыққандар диплом және медальдармен марапатталды.

 

Жеңіс Ермұқанов