Құқық қорғау органдары

Облыс аумағында жыл басынан бері 106 тонау фактісі тіркелген

 

Мамырдың 14-і күні түнгі сағат екі шамасында полицияға 41 жастағы әйелдің тоналғаны туралы хабар түскен.  Жәбірленушінің айтуынша, ол үйіне кетіп бара жатқанында екі жігіт оның сөмкесін тартып алған, сөмкеде құжаттары мен күміс сақина болған. Хабар түсісімен оқиға орнына жеткен полицейлер тонаушыларды  алысқа жібермей ұстады. 

Ерлан Айтқұлов, Петропавл қалалық ІІБ патрульдік полициясы батальонының полицейі:
– Күзетте жүргенімізде Мир көшесінідегі 109-шы үй маңында  бір әйелдің көмек сұрағаны туралы Жедел басқару  орталығынан хабар түсті. Біз сол мекенжайға тез жетіп, көше қиылысында үш күдіктіні қолға түсірдік. Олар бәрі де масаң күйде болды.

Ұсталғандар  тонау жасағандарын бірден мойындады. Алайда олардың айтуларынша, тоналған әйелдің өзі де олармен бірге ішімдік ішкен көрінеді. Қазір бұл іс бойынша тергеу жүргізілуде. Ұрланған нәрселер қайтарылып, үш жігіт қалалық ішкі істер басқармасына жеткізілді.

Оксана Попова, СҚО ІІД Жедел басқару орталығының аға инспекторы:
– Тонауға ұшыраған адамдар бірден 102 нөміріне хабарласулары керек, бұл телефон тәулік бойы тегін жұмыс істейді. Сосын полицейлер келгенше, оқиға орнынан алыс кетпеген жөн. Мүмкіндігінше күдіктілердің ерекше белгілерін  және қай бағытта қашып кеткендерін есте сақтау да маңызды.

Жыл басынан бері облыста  106 тонау тіркелген, оның 22-сі әлі күнге ашылмай отыр.