Кеден

Кеден қызметінің капитаны автобусты өртенуден сақтап қалды

Бұл оқиға мамырдың 16-сы бейсенбі күні тапа-тал түсте Мир көшесі, 120  мекенжайындағы аялдамада орын алған. Жолаушыларды тасымалдайтын 25-ші бағыттағы автобус осы жерге келіп тоқтаған. Сол кезде көліктің дөңгелегінен көк түтін шыға бастапты. Абыржып қалған автобустың жүргізушісі қасындағыларды көмекке шақырып, өрт сөндіруге арналған құралмен түтінді сөндіруге тырысады. Алайда, бұдан еш нәтиже шықпағанын облыстық кедендік бақылау департаментінің қызметкері Елизавета Чичкина байқап қалған екен.

 

Елизавета Чичкина, СҚО кедендік бақылау департаментінің маманы:

-Мен түскі үзілістен жұмысқа келе жатыр едім. Мына аялдамаға автобус көк түтінге оранып тоқтады. Одан адамдар жөтеліп түсіп жатты. Бұны көріп мен сасып қалдым. Жүргізушінің қолындағы өрт сөндіру құралы істемейді екен. Мен сол кезде жұмысқа жүгіріп келіп, дереу әріптестеріме айттым.

 

Бұны естісімен кезекшілікте болған Айдын Сәрсембаев қолына өрт сөндіру құралын ала сала далаға атып шығады. Ол түтінді көбікпен тез басып тастайды. Шағын автобустың багы бензинге толып тұрған екен. Әйтпегенде, үлкен жарылыс болар еді дейді кеден қызметінің капитаны. Айдын Сәрсембаев облыстық кедендік бақылау департаментінде 14 жылдан бері еңбек етеді.

Гүлбану Ахметова