Қоғам

Имамдар біліктіліктерін жетілдіруде

Имамдар мен молдалардың біліктілігін арттыру семинары жыл сайын өткізіліп келеді. Ондағы мақсат – дін қызметкерлерінің сауаттылығын арттыру. Себебі, олар халыққа ислам жайында толыққанды мағлұмат берулері керек. Соңғы кездері теріс діни ағымдардың көбейіп кеткені жасырын емес. Ал, бұқараның жаңсақ бағыттардан бойын арашалауында имамдарға артылар міндет ауқымды. Үш күн бойына жүргізілетін семинарда иман негіздері қамтылып, құқық саласынан да сабақтар өткізілмек. Мақсат – ғаламдық қауіп-қатер мен діни алауыздықтың алдын алу. Ислам – бейбітшілікті сүйетін дін. Біліктілікті арттыру курсына барлық аудандық мешіттердің имамдары шақырылыпты. Мұндай семинарлардың пайдасы зор, себебі, одан бірінші кезекте өзіміз рухани байлық аламыз дейді дін қызметкерлері. Имамдар бұл жиыннан тек діни білім ғана алып қоймай, сондай-ақ, саяси және конфессияаралық татулық тұрғысында да көзқарас көкжиегін кеңейтулеріне мүмкіндік  бар. Одан имандылыққа бет бұрған мұсылмандардың діни сауаттылығы арта түсері сөзсіз.

 

Самат Есмағи