Қоғам

Александр Липовой – 85 жаста

 

Александр Липовой еңбек жолын 1949 жылы бастап, таңдаған саласында үздік маман атанды. Теміржол электр станциясының білікті инженері кейін облыс орталығының энергетиктерін басқарды. Партиялық жұмысқа да араласты. Құрметті демалысқа қалалық партия комитетеінің 1-ші хатшысы қызметінен шықты.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Сіздің атсалысуыңызбен қаладағы құрылыс нысандары бой көтерді. Электр желілерінің жаңғыруына да еңбек сіңірдіңіз. 1972 жылы партияның бас хатшысы қызметін атқарған кезде алғашқы троллейбустар келді. Әлі де қоғамдық шаралардан шет қалмайсыз. Александр Егорович, Сізді атаулы күнмен шын жүректен құттықтаймын.

 

Қарияға өңір жетекшісі құрмет грамотасын тарту етті.

Замандастары Александр Егоровичті қиын кезде қол ұшын беруден аянбайтын, қайырымды, еңбекқор, қызметіне адал жан деп сипаттайды.

 

Геннадий Зенченко, “Зенченко және К” КС жетекшісі, ҚР Еңбек Ері:

– Александр Егорович – кең пейілді ел азаматы. Сөзі мен ісіне берік адам. Халықтың қалауымен жетекші атанды. Көптің мәселесін өзінікіндей көріп шешуге барын салады. Сыйлы досымыздың денсаулығы зор болсын деп тілеймін.

 

Ізгі ниет тілектерін экономика ғылымдарының докторы Анатолий Спицин де жолдады.

 

Анатолий Спицын,  РФ Президенті жанындағы мемлекеттік қызмет академиясының профессоры:

-Александр Егорович әр қырлы. Өжеттілік пен қатар мінезі жұмсақ. Бастамасын аяқсыз қалдырмайды. Қазір бұл кісіге ТМД елдерінің құрметті энергетигі кеуде белгісін беру жағы қарастырылып жатыр. Александр Липовой – бұл атаққа лайық адам.

Анатолий Спицын облыс әкіміне Қазақстан мен Ресей ғалымдарының достығының нышаны – академик Вернадскийдің күміс алқасын табыстады. Ал, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ ректоры Оңдасын Әшімов мерейтой иесінің иығына шапан жапты. Қоғам қайраткері өз кезегінде көрсетіліп жатқан құрметке ризашылығын білдірді.

 

Александр Липовой, Петропавл қаласының құрметті азаматы:

– Жылы лебіздерің үшін шексіз алғысымды білдіремін. Сіздер тізген жетістіктер – ортақ жеңісіміз. Бастаған ісіміз өшпей, ізбасарларымыз іліп әкетті. Қазір өңіріміздің энергетика саласы қарқынды дамуда. Еңбегіміздің зая кетпегендігі көз қуантады. Кейінгі ұрпақ тарапынан ұмыт қалмағаным – мен үшін басты баға. Бақытты өмірімнің кепілі.

 

85 жасқа келген еңбек ардагерінің игі істері лайықты бағасын алып, бірнеше орден, медальдармен марапатталған.

 

Жеңіс Ермұқанов