Бизнес және экономика

Солтүстік Қазақстан және Қорған облыстары арасында ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойылды

2 елдің өзара әріптестік, достық, ынтымақтастық жөніндегі келісіміне қол қойылғанына – 21 жыл. Осы уақыт аралығында өңірлер арасында тығыз қарым-қатынас орнады. Оған Кедендік одақтың құрылуы да септігін тигізуде. Бүгінде Солтүстік Қазақстан мен Қорған облысы арасындағы тауар айналымы 50 пайыздан асып отыр.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

–  Астана – «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтетін қала болып таңдалғанын жақсы білесіздер. Онда ғылым мен техника саласындағы әлемдік жетістіктер қойылмақ. Шараға қатысатын әрбір адам пайда табатыны сөзсіз. Осыған орай бұл бағытта да байланыс орнату жағын қарастыру қажет.

 

Ресейліктер сан алуан салада әріптестік орнатуға мүдделі. Солтүстік Қазақстан облысымен орнатқан әріптестік өз жемісін беретіні сөзсіз дейді делегация басшысы.

 

Олег Богомолов, Қорған облысының губернаторы:

-СҚО – біз үшін тиімді әрі сенімді серіктес. Біздің облыс Қазақстаннан көмір, астық, түсті және қара металл алады. Бірқатар кәсіпорындарды араладық. Бірігіп жұмыс жасауға дайынбыз. Бұл 2 аймаққа да пайдалы болады. 2 облыс арасындағы инфрақұрылымды дамытуда да мол мүмкіндік бар. Стратегиялық маңызы жоғары автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстарына біз де қатыса аламыз. Астанаға баратын тасжол Ертіс өзені арқылы өтеді деп айтылған болатын, бірақ, ол Қорғандық болат көпір өндірісінің өнімінсіз қалай іске асады? Сондықтан, сіздерге қол ұшымызды беріп, тендерге қатысуға біз де әзірміз.

 

Аймағымыздың экономикасындағы басым бағыттардың бірі – ауыл шаруашылығы саласы. Оның дамуына 2012 жылы  36 млрд теңге қаржы құйылған. Өңіріміз – астық пен ұн экспорттаудан Қазақстан бойынша 1-ші орында. Мал шаруашылығын дамыту да оң жолға қойылды. Ірі қара етінің экспорттық әлеуетін ұлғайту аясында 2 жыл ішінде 40 мың бас мал сатылып алынды. Оның 8 мыңы – асыл тұқымды. Ауыл шаруашылығы саласындағы ішкі жалпы өнім өткен жылы 239 млрд теңгені құраған. Облысымыздағы өндіріс саласы да жоғары қарқынмен дамып келеді. Бұл бағытта да 2 өңір арасында байланыс орнаған. Петропавл құрылыс материалдары зауытының өнімі Қорған қаласына да өткізіледі.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Қорған облысымен көп жылдан бері түрлі салада тығыз қарым-қатынас орнаттық. Әсіресе, өндіріс және ауыл шаруашылығы салаларын айтып кеткен жөн. «Қазнефтегазмаш» АҚ Қорған қаласындағы «АК «Корвет» ААҚ-мен мұнай-газ қондырғыларын шығару бойынша қоян-қолтық жұмыс істеуде. «Кургансемена» ЖАҚ «Қазақстанның агрокеңесі» қауымдастығының мүшелігіне енген. Кәсіпорын «Содружество» серіктестігімен халықаралық әріптестік жөніндегі келісімге қол қойған.

 

«Кургансемена» ЖАҚ  еліміздің диқандарымен тығыз қарым-қатынас орнатып үлгерген. Кәсіпорын қызметкерлері ғалымдармен бірлесіп тұқымның 10 түрін шығарыпты. Бірқатарын біздің диқандарымыз да кәдеге жаратып отыр.

 

Николай Аржанов, «Кургансемена» ЖАҚ бас директоры:

-Біздің кәсіпорын 25 жылдан астам нарықта жұмыс істеп келеді. Дәндідақылдарымыз Солтүстік Қазақстанда да егіледі. Атап айтсақ, Омбы- 36, Омбы-35. Омбы-38 және тағы басқалары. 5 жыл ішінде біздің компания Қазақстанға 2 мың тоннадан астам тұқым жеткізді.

 

Қорытынды жиында көршілес 2 облыстың басшылары өзара ынтымақтастық-әріптестік жөніндегі бірқатар меморандумдарға қол қойды.

Сондай-ақ кеңесте сауда-экономикалық, бұқаралық ақпарат құралдары, білім, туризм және спорт салаларындағы әріптестік келісімдер жөнінде де құжаттар рәсімделді. Бұл 2 өңір арасындағы байланыс нығайып, алдағы уақытта өзге салаларда да бірігіп жұмыс жасауға жол ашпақ.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Бүгінгі қол қойылған меморандум облыстар арасындағы ынтымақтастықты дамытуды көздейді. Өңірлердің дамуына, тұрғындар жағдайының жақсаруына ықпал .

 

Өңір жетекшісінің бұл ойын Қорған облысының губернаторы да құптап отыр. Аймағымыздағы бірқатар нысанды аралаған Олег Богомолов өзіне пайдалы ақпаратты түйіп алыпты. Соның бірі «Зенченко и К» командиттік серіктестігінде пайдаланатын әдістер.

 

Олег Богомолов, Қорған облысының губернаторы:

-Солтүстік Қазақстан облысы біздің делегацияны құшақ жая қарсы алды. Үлкен құрметке алғыс айтқымыз келеді. Бүгін бірқатар нысанның жұмысымен таныстық. Бұл бізге пайдалы болатынына сенімдімін. “Зенченко и К” КС мал шаруашылығын дамытуда пайдаланатын жүйесін көрдік. Бұл жаңашылдық бізді қызықтырды. Әрі қаржы да көп жұмсалмайтын көрінеді. Бұл тәжірибені біз де өзімізде қолданатын боламыз.

 

Қорған облысының губернаторы Олег Богомолов бастаған делегациямен түрлі салада еңбек ететін 40-қа жуық адам келіпті.

 

Айдана Демесінова