Денсаулық сақтау

Қорғандық меймандар емдеу мекемелерін аралады

 

№ 3 қалалық ауруханадағы жарақат бөлімшесі 70 орынға шақталған. Мұнда жылына орта есеппен 1,5 мың адам сауығады. Келіп түсетін науқастардың айығып кетуі 15 дәрігер мен 87 орта медицина қызметкерінің жіті бақылауында. Десе де, аса ауыр жарақаттарды емдеу үшін заманауи тәжірибе қажет-ақ. Сондықтан, жергілікті ақ халаттылар қорғандық әріптестерімен шеберлік алмасып тұрады. Жылына күрделі 5-6 отаны бірлесіп өткізеді.

 

Қабдрахман Сақтаганов, №3 қалалық аурухананың бас дәрігері:

-Тірек-қимыл жүйелерінің сынықтарын бекітудегі остеосинтездеу, зақымдалған ірі буындарды, тізе-жанбас сүйектерін жасанды протезге алмастыру бойынша мәселелерді бірігіп шешуді көздеп отырмыз. Аяқ- қолдың туа және жүре пайда болған деформациясын хирургиялық тәсілмен түзеу бойынша тәжірибе жинақтау керек.

 

Бүгінде Қазақстанда ауру-сырқау, уақытша еңбекке қабілетсіздік және өлім-жітім құрылымында жарақаттанушылық екінші орында тұр екен.  Илизаров атындағы “Травматологиялық және ортопедиялық оңалту” ғылыми орталығында науқастарға кәсіби көмекті медицина ғылымдарының докторлары мен жоғары санатты дәрігерлер көрсетеді. Көпке танымал орталықтың басшысы қалыптасқан әріптестікті нығайта түсуге ниетті. Ол ортопедиялық дерттерге шипа болар соңғы зерттемелерімен бөлісіп, жаңа қызмет түрлерін ұсыну үшін өңірімізге арнайы келіп отыр.

 

Александр Губин, “Г.А. Илизаров атындағы РФ травматологиялық және ортопедиялық оңалту” ғылыми орталығының директоры:

-Бізде осындағы дәрігерлер біліктілігін арттырып тұрады. Біз кәсібилікті жоғарылатуда шеберлік сабақтарын беруге қашан да дайынбыз. Олар орталықта соңғы үлгідегі технологияларды ендіру бойынша тәжірибе алады. Ол үшін мұндағы материалдық база мен мамандар жеткілікті. Аталмыш ауруханада кез-келген бағыт бойынша жұмыс жасауға болатынына көз жеткіздік.

 

Оқыстан дене мүшелері зақымданатындардың жартысына жуығын жасөспірімдер құрайды екен. Ресейлік орталық балғындардың бұл кеселден жылдам оңалып кетудің амал-тәсілдерін зерттеуге ерекше мән береді. Тың жобаларымен бөлісу үшін көрші елдің ақ халаттылары облыстық балалар ауруханасына да ат басын тіреді. Мұндағы жарақат емдеу және ортопедия бөлімшесінде 33 кереует жабдықталған.

 

Александр Губин, “Г.А. Илизаров атындағы РФ травматологиялық және ортопедиялық оңалту” ғылыми орталығының директоры:

-Бізде 2 жыл бұрын балалар жарақатының зертханасы құрылды. Сынықты рентген сәулелерін өзгертуші электронды оптикалық құрылғы арқылы емдеуді ендірудеміз. Осы арқылы бүлдіршіндердің операция  үстеліне жатқан күннің ішінде аяққа тұруына мүмкін болады. Кеуде, жақ-бет, бас миының зақымын, іріңді емдейміз. Қан тамырлары мен жүйке жүйесіндегі талшықтарды микрохирургиялық тәсілмен қалпына келтіреміз.

 

Қорғандықтар жергілікті дәрігерлерді маусымның 13-17 аралығында өтетін Илизаров оқуларына шақырды.

 

Жеңіс Ермұқанов