Бизнес және экономика

Кәсіпкерлер байланыс биржасында кездесті

Жергілікті кәсіпкер Амангелді Сыздықов 11 жыл бойы облыс аумағында жолаушылар тасымалдаумен айналысады. Бұл кездесуге келудегі ойы – екіжақты әріптестіктің арқасында өз ісін кеңейту.

 

Амангелді Сыздықов, «Сыздықов» ЖК директоры:

– Жеке кәсібімде 8 бағытта 9 автобус жүреді. Қорған қаласында шығарылатын автокөлік алу ойымызда бар. Және де екі аралықта маршрут ашқым келеді.

 

Өңірімізбен шекаралас Қорған облысымен тығыз іскерлік қарым-қатынас әуелден бар. Бүгінгі кездесуге өнеркәсіп, құрылыс, агроөнеркәсіп, туризм және мәдениет, денсаулық сақтау, бір сөзбен айтқанда, түрлі саланың кәсіпкерлері келді. Меймандарға облыстың инвестициялық әлеуетін облыс әкімінің оырнбасары Владимир Балахонцев таныстырып өтті.

 

Владимир Балахонцев, облыс әкімінің орынбасары:

– Инвесторларды қолдап, олардың жобаларын демеу мақсатында облыста инвесторларға қызмет көрсету орталығы құрылған. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру үшін өткен жылы 928 млн теңге, биыл 1 млрд теңге бөлінді. Ерекше атап өтетіні, аталған бағдарламаның қолдауына жергілікті тауар өндірушілермен қатар өз жобаларын біздің өңірде жүзеге асырушы шетелдік инвесторлар да ие бола алады.

 

Кейін, екі жақтың кәсіпкерлері өзара ақпарат алмасып, жоспарларымен бөлісті. Осылайша, арада тағы бір бизнес көпірі салынды деп айтса артық етпес.

 

Сергей Троицкий, «Синтез» ААҚ коммерциялық директоры, Қорған облысы:

– Біздің фармацевтикалық кәсіпорын – Ресейдегі ірі кәсіпорындардың бірі. Біз қажетті деген дәрі-дәрімектердің барлығын дерлік шығарамыз. Инъекциялық препараттар, ампулалар, дәрілік майлар, капсулалар өндіреміз. Мұнда келудегі мақсатымыз – өзара іскерлік қарым-қатынас орнату. Осы кезге дейін біз Алматы және Қостанай облыстарымен жұмыс жасап келдік.

 

Кездесуге қатысушылар мұндай екіжақты байланыс облыстар арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайта түседі деген сенімде.

 

Әспет Әбдірешова