Билік

Франция елшісінің Солтүстік Қазақстанға жұмыс сапары

Өңірімізге жұмыс сапарымен келген Францияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Жан-Шарль Бертонэ кәсіпкерлермен кездесті. Іскер мейманды жергілікті кәсіпкерлердің инвестициялық мүмкіндіктері қызықтырып отыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Солтүстік Қазақстан облысы мен Франция арасындағы тауар айналымы 2,7 млн АҚШ долларын құраған. Өзара қарым-қатынас, әзірге, француздық медициналық аспаптар, ауыл шаруашылығы және өндірістік өнімдерді өңірімізге импорттауда ғана жүзеге асып тұр.

 

Фархад Қуанғанов, СҚО әкімінің орынбасары:

– Қазақстан мен Франция арасында өзара тиімді ынтымақтастыққа үлгі болатын мысалдар бар. Жекелей алатын болсақ, облысымызда «Молсервис» ЖШС индустрияландыру картасының аясында француздық «Тимонье» компаниясымен жоба қолға алынған. Оның арқасында жоғары сапалы әрі қауіпсіз сүт өнімдерін шығаруға болады.

 

Өңірімізде ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы айтарлықтай дамыған. Сол себепті, өкілетті елші екі ел арасында осы салада да өзара тәжірибе алмасуға болатынын атап өтті.

 

Жан-Шарль Бертонэ, Францияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:

– Петропавлға облыстың экономикалық әлеуетімен танысу мақсатында келдім. Алдағы уақытта франциялық компаниялар мен сіздердің кәсіпкерлеріңіздің арасында байланыс орнатқымыз келеді. Бұл тек қана инвестициялау емес, сонымен қатар жұмыс әрі тәжірибе алмасу болмақ.

 

Жиын барысында өкілетті елшіге жергілікті жерде француз тілін оқытатын орталық ашу ұсынысы жасалды. Елші бұл мәселені алдағы уақытта қарастыратынын атап өтті.

 

Әспет Әбдірешова