Құқық қорғау органдары

Шешесі жаңа туған қызын өзі өлтірген

 

Нәрестенің өлі денесі басына пакет кигізілген күйі мамырдың 14-і күні Петропавлдағы Бостандық көшесіндегі жалға берілетін пәтерлердің бірінде табылды. 25 жастағы тасжүрек ана сәбиін өз қолымен өлтірген. Жүкті әйел босанғанын жасырып қалу үшін ең алдымен бір күн бұрын бір тәулікке пәтер жалдап алады. Тергеу барысында белгілі болғандай, ол таңертең қызды дүниеге әкелісімен баласының басына полиэтилен пакетті кигізіп, шкафқа салып қойған. Өзі пәтерден кетіп қалыпты. Ал келесі күні кешке жан түршіктіретін көрініске баспана уақытында тапсырылмаған соң тексеруге келген менеджер кезіккен. Қанішер ананы табу полицейлерге қиынға соққан жоқ. Күдікті басқа бір жалдамалы пәтерде тұрады екен. Ол сол жерде ұсталды. Медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша жаңа туған шарана тұншығып өлген. Бұл – сезіктінің екінші баласы. Ол тұңғышын 2011 жылы туа салысымен балалар үйіне тапсырыпты. Қатыгез ана қазір ауруханада жатыр. Ем алып шыққан соң оның заң алдында жауап беруіне тура келеді.  Бұл оқиғаға қатысты ҚР ҚК 97-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

 

Гүлбану Ахметова