Қоғам

“Нұр Отан” ХДП қалалық мәслихаттағы депутаттық фракциясының отырысы

Халық қалаулылары алдымен салық басқармасының қызметкерлері қалалық бюджетке түспеген салық көлемін қысқарту жолында қандай шаралар атқарып жатқандығын тыңдады. Бүгінде қарыз сомасы шамамен 150 млн теңгеге жеткен.

 

Мұрат Мұхамеджанов, Петропавл қалалық салық басқармасының бастығы:

-Әлеуметтік салық бойынша қарыз 28,5 млн теңгеге жетті. Жеке тұлғаның мүлкіне қойылатын салықтан 55 млн теңге түспеді, сыртқы жарнама салығының 3,3 млн теңгесі төленбеді, заңды тұлғалардың көлігіне төленетін салықтың қарызы 2,4 млн теңгені құрайды. Салықтың өзге түрлерінен де берешектер баршылық.

 

Берешек көлемін қысқарту үшін бірқатар шаруа тындыру қажет. Өткен жылы банкротқа ұшыраған кәсіпорындардың 8 млрд теңгеден астам борышы есептен шығарылыпты. Бұл жағдай қаланың дамуына кедергі жасайтыны сөзсіз.

 

Жасұлан Ахметов, Петропавл қалалық мәслихатының партиялық фракциясының жетекшісі:

-Есептен шығарылған қарыздар бюджетті толықтырмайды ғой. Осылайша біздің қаламыз айтарлықтай шығынға тап болуда. Бұл мәселенің түйінін тарқату қажет. Қомақты қаржы қаламызды абаттандыруға болсын, өзге де маңызды салаларға қажет.

 

Жасұлан Ахметов мемлекеттік сатып алу туралы заңында кемшіліктер бар екенін алға тартты. Олқылықты түзеу үшін қалалық мәслихаттың депутаттары жақын арада Мәжіліс пен Сенатқа өз ұсыныстарын жазып хат жолдамақ.

Жиында облыс орталығындағы жолда жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де қаралды. Өткен жылы бұл бағытқа қалалық қазынадан 49 млн теңгеден астам қаржы жұмсалыпты.

 

Айдар Совет, ІІБ ЖПБ бастығы:

-4 айдың ішінде қала аумағында 50 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның салдарынан 5 адам көз жұмды, 61 азамат ауыр дене жарақатын алды. Жол сақшылары тарапынан қолға алынған шаралар жол-көлік апаты фактісін кемітті.

 

Уақытты көрсететін бағдаршамдар өз тиімділігін дәлелдеуде. Сондықтан ағымдағы жылы да осындай заманауи қондырғыларды орнату көзделген. Бұл үшін 16 млн теңге қарастырылды. Алайда, халық қалаулылары бұл мәселені алдағы уақытта тағы бір талқылаймыз деп отыр. Мүмкіндік болса, оған көбірек қаржы бөлінбек.

Отырыста жазғы сауықтыру лагерьлерінің дайындығы да сарапқа алынды. Жылдар өтіп, балалар демалатын лагерьлердің саны азайыпты. Алдағы міндет – қолда барды сақтап қалу. Өткен жылы осы мақсатта 11 млн теңге жұмсалған екен. Осылайша 5 нысан жөндеуден өтіпті. Ағымдағы жылы да бұл іс жалғасатын болады. Жиында жерлесіміз Владимир Чуфаровтың халық қалаулыларына жолдаған хаты жайлы да әңгіме өрбіді. Құрылысшы-ардагер құрылыс жұмыстарында кемшіліктер орын алатындығын баяндапты. Қалалық мәслихаттың депутаттары мұндай олқылықтарға жол бермеу керектігін атап өтті.

 

Айдана Демесінова