Қоғам

Биыл қала көшелерінде гүлдер көбейеді

“Мәңгілік алау” ескерткішінің маңы әсем гүлдерге толып-ақ тұр. Әзірге, мұнда құлпырған өсімдіктің үш түрін кезіктіруге болады. Түрлі түсті – цинерария, жұпар иісті – тагетистен декоративті композиция құрылған. Қызыл петуния гүлзардың қақ ортасына Кеңес әскерінің нышаны – жұлдыз іспеттес формада егіліпті. Ұлы жеңістің 68 жылдығына арналған көздің жауын алар көріністі саябақ демалушылары жиі қызықтайды.

 

СҚО-на көшіп келгеніме көп болған жоқ. Бір аңғарғаным, қалада дала гүлдері көп. Өте әдемі. Әсіресе, мына “Мәңгілік алаудың” маңайындағы композиция өте орынды.

Гүлзар жаз уақытында құлпырып кетеді. Мұнда қызыммен жиі келіп серуендеймін. Өте әдемі. Әсем гүлдер жақсы көңіл күй сыйлайды.

 

Биыл гүлзарлардың көлемі екі есеге ұлғайтылмақ. Бүгінде көктемгі екпенің 45 мыңға тарта көшеті гүлдеп тұр. Бұл қаламыздың 8 мың шаршы метр саябақтары мен көшелеріне көрік беруге жеткілікті. Әзірге, құлпырған өсімдік ботаникалық бақ, “Коммунхоз” коммуналдық кәсіпорны мен оқу орындарының жылыжайларында күтілуде.

 

Алқа Байғожина, “Коммунхоз Петропавл” ЖШС гүл өсірушісі:

– Гүлдердің тұқымын ақпан айында отырғыздық. Ерекше күтімді талап ететін өсімдіктерді, міне 4 ай бойы күтіп келеміз. Бүгінде барлығы дерлік гүлдеді. Қала көшелеріне көшіруге дайын.

 

40 пайызға жаңартылған биылғы флора қорында гүлдің 26 түрі бар. Барлығы да солтүстіктің табиғатына бейімделген. Алайда,  ауа райының салқындығы  көшеттерді уақытымен егуге мүмкіндік берер емес.

 

Мұрат Қалиев, “Коммунхоз Петропавл” ЖШС директоры:

Германия, Ресейден алынған тұқымдар 1-сұрыпты. Былтырғыларының кластығы 1 саты төмен болған. Жаңартылған гүлдер түрлі композиция құруға мүмкіндік жасайды. Әзірге, ауа райының құбылуы кедергі келтіріп тұр. Бүгінде тек суыққа аса төзімділерінен 500 текше метрі отырғызылды. Күн жылынысымен кешенді жұмыстарға мықтап кірісеміз.

 

Бар жоспар маусымның 20-на дейін орындалады деп күтілуде.

 

Жеңіс Ермұқанов