Қоғам

Ақмолада жасақталған қазақ атты әскер дивизиясының тағдыры – Ұлы Отан соғысы тарихындағы ақтаңдақ

Соғыс басталып, әкесі майданға кеткенде Шәмшібана апа бес жаста болған екен. Әкесі Темірболат Хасенов 1941 жылы соғысқа аттаныпты. Ол сол жылдары Ақмолада құрылған 106-шы қазақ атты әскер дивизиясы құрамында соғыс алдындағы дайындықтан өтеді. Шәмшібана апайдың айтуына қарағанда, оның анасы сол уақытта жолдың қашықтығына қарамай, жолдасына тамақ апарып тұрған екен.

 

Шәмшібана Қуандықова, Қызылжар ауданы, Бескөл ауылы:

Анам жұма сайын нан кептіріп, соны апаратын. Тауар таситын вагондарға жабысып, бір жұма жүреді, ол келгенше біз тағы нан кептіріп қоямыз. Дайындық жүргенше мамам ылғи ды сонда нан апарып отырды. Одан олар 1941 жылы соғысқа аттанып жатырмыз, Петропавлды басып өтерміз деп хат жазды да, соған анам екеуіміз вокзал басында бір ай отырдық тосып.

 

Бірақ, сол күйі әкесін тағы бір көруді оның еншісіне жазбапты. Кейін, соғыс басталардың алдында әкесінен   «соғысқа енді кіргелі жатырмыз» деген хат келеді. Бұл – одан келген соңғы хабар еді дейді Шәмшібана Қуандықова. Әкесі жайлы хабарды апай 70 жыл күткен екен. Кейін, Темірболат Хасеновтың Украинаның Харьков облысында соғысып, сонда қаза болғанын сол аймақта іздеу шараларын жүргізген топтың жетекшісі Макка Қаражанова деген азаматша хабарлаған екен.

 

Шәмшібана Қуандықова, Қызылжар ауданы, Бескөл ауылы:

Бізде ол іздеу тобы Ақмолада, сосын Харьковта да бар. Макка деген қазақтың қызы басқарып, осы дивизияның өмірбаянын зерттеп жүр қазір. Зерттегенде, ешқандай дерек жоқ, қағаздардың бәрі жоғалып кетіпті.Қазір соғыс жүрген жердің бәріне ағаш егіліп қалған. Қазір сол ағаш 60-70 жыл болды, жайқалып тұр. Бірақ соның бәрінің астында адамдардың мәйіті болуы мүмкін дейді.

 

Биыл Жеңіс күні Шәмшібана апа мен оның жұбайы Жұмаш Қуандықов және басқа да туыстары Харьков облысына барып, сол жерде қаза болған боздақтардың рухына тағзым етіп, дұға бағыштап қайтқан.

 

Шәмшібана Қуандықова, Қызылжар ауданы, Бескөл ауылы:

– Солай енді бұйырған шығар, сол жақтан топырақ. Қазір енді 5-6 жүз адам жатқан жерді қопарып, оларды іздеуге болмайды. Жатқан жерлері торқа болсын деп соныменен келдік. Менің бір риза болғаным, әкемнің аяғы қай жерде басып жүрді, қай жерде соғысса да олар Отан үшін жанын бергендер. Отан үшін жанын берген деп көңілім тынып келді.

Жұмаш Қуандықов, Қызылжар ауданы, Бескөл ауылы:

– Соғыста қайтқан адамдарға ол жердің халқы үлкен тағзым етеді екен. Үлкен шаттықпен бізді қарсы алды. Сондай жақсы ықылас танытты.

 

Әкеден 4 бала қалған екен. Қазір Шәмшібана апа 2 ұлы мен екі қызынан немере мен шөбере сүйіп отыр. Отан үшін жанын берген жауынгерлердің ерлігін кейінгі ұрпаққа айтып отыру – біздің міндетіміз дейді ақ жаулықты ардақты ана.

 

Әспет Әбдірешова