Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жаңа кәсіпорын бой көтереді

 

Өңіріміз – аграрлы аймақ. Ал, егіншілік саласына қажетті техникалар өзімізде шығарылса ол шаруалар қауымына қолжетімді болары сөзссіз. Жаңа кәсіпорынның Петропавлда бой көтеруіне біздің тарапымыздан айтарлықтай қолдау көрсетіледі деді жиынды ашқан облыс әкімі.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Облысымыздың барлық техникалық мүмкіндіктері жұмылдырылатын болады. Қолға алынатын істің басынан соңына дейін көмектесеміз.

 

Бүгінде “Тракторлар зауыты” концерні үздік 20 машина жасау кәсіпорындар қатарына енеді. Кәсіпорындардың барлығы Ресейде орналасқан. Ал, олардың өндіріс ошағын елімізде ашуға мұрындық болған “Қазақстан инжиниринг” ұлттық компаниясы. Соңғысы – аталған концерннің негізгі құрылтайшыларының бірі болып табылады. Ал, жаңа зауыт салуға біздің өңір қолайлы деп табылыпты.

 

Александр Титов, “Тракторлар зауыты” концерні” ЖШҚ бас директорының орынбасары:

– Бұл жоба сіздердің тараптарыңыздан қолдау тапты. Сондықтан, өздеріңізбен бетпе-бет отырып сөйлесу тұрғысында осында келіп отырмыз. Жобаны бірлесіп жүзеге асыратындығымызға сенім мол.

 

Меймандар әңгіме барысында өңірімізде жаңадан ашылатын кәсіпорынның жылына түрлі модификациядағы 1 мыңнан астам комбайн шығаруға қауқарлы екендігін атап көрсетті. Ол 3-4 класты техникалар болмақ.

 

Болат Смағұлов, “Қазақстан инжиниринг” ҰК” басқарма төрағасы:

– Инвестиция көлемі шамамен 30 млн доллар. Кәсіпорындағы жұмысшылар саны 500 -ден кем болмайды. Шығарылатын өнімнің 70 пайызы елімізде қалатын болса, қалғанын экспортқа шығаруды көздеп отырмыз.

 

Облыс орталығында тұрғызылатын зауыт екі жаққа да тиімді болары сөзссіз. Оны меймандар атап көрсетті.

 

Мурат Караджаев, “Четра-Восток” ЖШҚ бас директоры:

-Сіздерде ашатын зауыттың өнімдері Оралға дейін жеткізілетін болады. Біз сонда ол жаққа қажетті техниканы Ресейден тасымаймыз.

 

Жиынды қорытындылаған өңір басшысы машина жасау саласында Солтүстік Қазақстанның әлеуеті жоғары екендігін тілге тиек етті. Ауқымды жобаның облысымызда жүзеге асырылуына толық мүмкіндік бар.

 

Самат Есмағи