Балалар

Студенттердің еңбек биржасы жастарға жұмыс тауып береді

 

Жастардың студенттік еңбек биржасының құрылғанына биыл 2 жыл толды. Аз уақыттың ішінде ол өзінің тиімділігін дәлелдеп берді. Өткен жылы бұл ұйымның арқасында 1500 жас солтүстікқазақстандық екі қолға бір күрек тапты. Биыл, енді 2000-ға тарта жерлесімізді кәсіппен қамту көзделіп отыр.

 

Анастасия Шилова, СҚО жастардың студенттік еңбек биржасының менеджері:

-Жастардың студенттік еңбек биржасы мамыр айынан өтініштерді қабылдай бастады. 170 адам біздің көмегімізге жүгінді. 15-сі жұмыспен қамтылды.

 

Жиында Гуманитарлық-техникалық колледждің студенттері «Жасыл ел» мен студенттік құрылыс отрядтарына  мүмкіндіктерін сынауға шақырылды. Бұл жастар үшін, әрине, қолайлы болмақ. Осылайша айына шамамен 30 мың теңгедей пайда таппақ. Әрі, белсенділері марапатқа ие болып, өзге қалаға сапар шегуі мүмкін.

 

Асхат Гумиров, студенттік және жастар еңбек отрядының облыстық штабының жетекшісі:

-Мамырдың 27-сі жұмыс маусымын ашуды көздеп отырмыз. Биыл студенттік құрылыс жасақтары да жұмыс істейтін болады. “Жасыл ел” қатарындағы бос орындар саны ағымдағы жылы 170-тен 350-ге дейін артты. Бүгінге дейін 150 жерлесіміз осы бағдарламаға қатысуға ниет танытты.

 

Колледж студенттерін бұл ұсыныстар қызықтырды. Олар өздерінің сұрақтарын қойып отырды. Индира Мұхаметалина да бұл мүмкіндікті пайдаланамын дейді.

 

Индира Мұхаметалина, Гуманитарлық-техникалық колледждің студенті:

-Менің ойымша бұл бағдарламаның маңызы зор. Өйткені, студенттердің жазғы уақытта өзінің мамандығы бойынша, немесе өзінің үйренгісі келетін мамандықтары бойынша жұмыс істеуге қолайлы бюро деп ойлаймын.

 

18 бен 29 жас аралығындағы кез-келген қазақстандық студенттік еңбек биржасының көмегіне жүгіне алады.

 

Айдана Демесінова