Қоғам

Петропавлдың Ботаникалық бағы халықаралық көрме дипломына ие болды

Дәстүрге сай «AstanaFloraExpo-2013» гүлдер, ландшафтық сәулет және дизайн көрмесі Орталық «Көрме» залында өтті. Оған 30 отандық және 40-тан астам шетел компаниясы қатысыпты. Оның қатарында Германия, Голландия, Израиль, Колумбия, Ресей, Түркия, Франция және Эквадор  фирмалары бар. «AstanaFloraExpo-2013» халықаралық көрмесі осымен 4-ші жыл ұйымдастырылып келеді. Биылғы шара «Expo-2017» көрмесіне орайластырылған көрінеді.

 

Равиль Рязапов, «Қызылжар оранжереясы» МКҚК бас агрономы:

-Бұл «Expo-2017» көрмесі аясында өткізілді. Қазақстанға келген қонақтар мұнда еліміздің өсімдік әлемімен танысты. Біздің байлығымызды көрді. Мемлекетімізді жаңа қырынан таныды.

 

Қызылжар оранжереясы да халықаралық шараға белсенді қатысты. Олар көрмеге келген қонақтарды ботаникалық бақтың 100 жылдық тарихымен таныстырып, оның негізгі қызметі жайлы баяндады. Жерлестеріміздің әр түрлі тіршілік иелерін сақтап қалуы жолындағы еңбегі жоғары бағаланып, дипломмен марапатталды.

 

Зария Рязапова, «Қызылжар оранжереясы» МКҚК гүл өсіруші-кеңесшісі:

-1 ғасыр тарихы бар ботаникалық бағымыз көрмеге келушілердің зор қызығушылығын тудырды. Осындай шаралар дамуға серпін береді. Шеберлік сағаттарына да қатыстық. Қазақстан бойынша 2-ақ ботаникалық бақ бар. Оның бірі біздің қаламызда орналасқаны, әрине, бізді қуантады. Алдағы уақытта осы байлығымызды сақтап қалуға тырысамыз.

 

Бүгінде Қызылжар оранжереясында 2000-нан астам өсімдік түрін тамашалауға болады.

 

Айдана Демесінова