Мәдениет

Республикалық Мағжан оқулары

 

«Мағжан – ақындардың ақыны». Қазақтың маңдайына біткен Мағжандай ақынға мұндай бағаны кезінде жазушы С.Мұқанов берген екен. Өмірін жырға қосқан ақынның туған өңірінде бүгін алғаш рет республикалық деңгейде «Мағжан оқулары» өткізіліп отыр. Оған еліміздің жер-жерінен 50-ден астам қатысушы үміттерін үкілеп келген.

Светлана Исаева, М.Жұмабаев атындағы мектеп-гимназия мұғалімі, Талдықорған қаласы:

– Біз екі бағыт бойынша, яғни, шығармашылық және мәнерлеп оқу сайысы бойынша дайындалып келдік. Мектебіміз М.Жұмабаев атымен аталғаннан кейін, жыл сайын мектепішілік «Мағжан оқулары» өтеді. Ақын шығармашылығын таныту бойынш арнайы курстар өткізіледі.

 

Байқау үш кезеңнен тұрады. «Өлең – менің Шолпаным, Айым, Күнім» деп аталатын алғашқы бағытында қатысушылар Мағжанның өлеңдерін жатқа оқыды. Бұл сында алғашқы болып көпшілік алдына Айыртау ауданынан келген жерлесіміз Гүлбақыт Кенжеболатова шықты. Ақынның 200-ден астам өлеңін жатқа білетін өрімдей қыз қазылар алқасының сынауынан мүдірмей өтті.

Гүлбақыт Кенжеболатова, Бірлестік орта мектебінің оқушысы, Айыртау ауданы:

– Мағжан оқуларына бесінші сыныптан бері қатысып келемін. Қазір жаттаған өлеңдердің толық саны 220-ға жетті. Өткен жылы Мағжан оқуларының аймақтық кезеңінде бірінші орын алдым. Қазылар алқасы он шақты өлең сұрады. Соның ішінде «Қойлыбайдың қобызы» деген ұзақ поэманы орта тұсынан, соңғы кезінен оқып беруімді айтты. Мүдірмей айтып бердім.

 

Байқау талабы бойынша оның екінші кезеңінде үміткерлер Мағжан Жұмабаевтың шығармалары бойынша зерттеу жұмыстарын ұсынады. Ал, соңғы бөлігінде жас дарындар ақынға арнап төл туындыларын таныстыруы қажет. Айту керек, конкурсқа қатысушылар тек бір аталымда ғана мүмкіндіктерін сынай алады. 10-сыныпта оқитын Әлішер Қабдолданов Алматы қаласынан келген. Әзірге, ол байқауға шығар алдында дайындығын тағы бір пысықтау үстінде. Жүрегінен шыққан өлеңін ол “Мағжанға арнау” деп атапты.

 

Әлішер Қабдолданов, байқауға қатысушы, Алматы қаласы:

-Барлығымыздың үмітіміз жеңу, Мағжан оқуларына қатысқанымыз біз үшін үлкен мәртебе. Мағжанды елге дәріптеп, түрмеде қалай қиналғанын, қалай атылғанын бәрін осы өлеңге сыйғыздым.

Бұл сайыс Мағжан Жұмабаевтың туғанына 120 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр. Байқауға жалпы білім беретін мектептерден 5-11 сынып оқушылары қатысты.

Әспет Әбдірешова