Бизнес және экономика

Онлайн-аукциондар жоспарлануда

 

Бүгінде ақпараттық технологиялар қызу қарқынмен дамып келеді. Тұрғындардың басым бөлігі ғаламторды пайдаланады. Заман талабына сай елімізде электрондық аукцион жүйесі енгізілмек. Енді мемлекеттік меншіктегі мүліктерді аукционнан онлайн тәртібінде де сатып алуға болады екен. Әзірге, жерлестеріміз бұл жаңашылдықпен танысып жатыр. Мамандар жаңа жоба «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге жол бермейді деп отыр. Сондай-ақ, оның өзге де артықшылықтары баршылық.

Мұхит Тұрысбеков, СҚО мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы:

-Интернетті қолданатын әрбір азамат өзінің үйінде отырып, ешқайда шықпай аукционға қатыса алады. Оның жекешелендіретін объектіні сатып алуға мүмкіндігі бар. Егер шетелде болсаңыз, біздің порталға кіріп, сол нысан туралы мәліметтерді аласыз, суреттерін қарауға болады. Іссапарда жүріп-ақ ғаламтордың көмегімен сатып алуға болады.

 

Бұл жаңашылдық әсіресе аудан орталықтарындағы азаматтарға қолайлы. Бұрын аукционнан белгілі бір зат сатып алу үшін шамамен 10 күндей кететін. Бүгін бұл шаруаны тындыруға бір-ақ күн қажет.

Динара Бүркітәлімова, Петропавл қалалық қаржы бөлімінің сектор меңгерушісі:

-Электрондық қалыптағы сауда өте тиімді деп ойлаймын. Өйткені, сатып алу үрдісін жеңілдетеді. Аудан тұрғындары да аукцион өтетін жерге келмей-ақ, өз жұмыс орындарында отырып саудаға қатыса алады.

 

Электрондық аукцион ең алдымен Астана, Алматы және Қарағанды қалаларында енгізіліп көрмек. Ал, жыл соңына жақын онлайн тәртібіндегі сауданы СҚО-нда да жүргізу жоспарланып отыр.

Айдана Демесінова