Билік

Индустрияландыру бағдарламасының орындалу барысы

 

Үкімет отырысында алдымен индустрияландыру картасының орындалуы жайлы сөз қозғалды. Үкіметтің қарауына 192 жоба келіп түскен. Олардың 111-і қолдау тауыпты. Жалпы құны – 387 млрд теңге. 34 жобаны биыл іске қосу жоспарлануда. 2013 жылы 557 млрд теңгенің 146 жобасы қолданысқа берілмек. Осылайша, 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. 18 жоба индустрияландыру картасынан алынып тасталынбақ, ал 16 бастама мерзімі бойынша кейінге шегерілді. Үкімет басшысы Серік Ахметов бұл жағдайды сынға алып, өңір жетекшілеріне индустрияландыру картасына енгізілетін жобалардың тізімін бекітуді тапсырды.

Жиында астықтың сыртқы және ішкі нарықта сатылу жайы талқыланды. Бүгінде нарықтағы алтын дәннің бағасы қымбаттап барады. Сондықтан, Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков құс өсірумен айналысатын мекемелерге 50 мың тонна бидайды несиеге беруді ұсынды. Тауарлық несиені қайтаруды қамтамасыз ету мақсатында қазақстандық екінші деңгейлі банктердің кепілдігі қабылданбақ.

Отырыста Қазақстан даму банкінің активтерін Инвестициялық қорға өткізу жайы мен Қызылорда қаласындағы шыны зауытын газбен қамту мәселесі қаралды.

Селекторлық байланыс үзілгеннен кейін өңір жетекшісі Самат Ескендіров индустрияландыру картасы аясындағы жұмысты оң жолға қою керектігін айтты.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

Біздің өңірде 30 жобамен 40 млрд инвестиция ғана бар. Егер салыстырмалы түрде алсақ, мәселен, Ақмола облысында 200 млрд, ал, жоба саны – 44. Сондықтан, инвестиция көлемін де дұрыс қарау қажет.

 

Күн тәртібінде қаралған 2-ші мәселе бойынша облысымызда ешбір мәселе туындамаған. Астықты квота арқылы беру үрдісі 100 пайыз жүзеге асуда. Облыс басшысы “Азық-түлік келісім шарт корпорациясының” жергілікті өкілдігінің басшысына осыған қатысты жаңашылдық қабылданып, жүзеге аспас бұрын біздің өңірге қолайлы ұсыныстар жасауды тапсырды.

Айдана Демесінова