Құқық қорғау органдары

Әскери құрылымдарда тіркелген заңбұзушылықтар

 

Картоппен бұқтырылған қуырдақтың орнына ботқа, какао қара шайға алмастырылған. Осылай Отан алдындағы міндетін атқарып жүрген сарбаздарға құнарлы тағам берілмей келген. Бұл факті 6637 әскери бөлімінде орын алды. Әскери прокуратураның тексерісі 3-атқыштар ротасының ағзаға пайдалы ақуыз бен табиғи дәрумендерсіз айлап жүргенін анықтапты.

Нұрлан Алпысов, Петропавл қалалық гарнизонының әскери прокуроры:

-Сарбаздарды азық-түлікпен қамтамасыз ету “Билайф” ЖШС тапсырылған. Министрлікпен бекітілген тамақтану тәртібіне толықтай қаржы бөлінді. Алайда, 2012 жылдың шілде айынан жыл соңына дейін тағамдар ас мәзіріне сай келмейтін арзан азық-түліктен әзірленген. Серіктестікке 7 млн теңгенің шағымы түсірілді.

 

Батальон командирі бұл жөнінде құлағдар болғанымен еш шара қолданбаған. Бассыздыққа жол берген 2 лауазымды тұлғаға қатысты қызметіне сай емес деген шешім қарастырылуда. Әскери институттың ауқаттану үрдісінде де дәл осындай олқылық тіркеліпті. Бұнда да курсанттардың тамақтануы сеніп тапсырылған аталмыш серіктестік ісіне немқұрайлы қараған. Ас мәзірі арзан азықпен жеңілдетіліп қана қоймай, жеміс-жидек пен ірімшік дастарқан басына мүлдем қойылмапты.

 

Нұрлан Алпысов, Петропавл қалалық гарнизонының әскери пркуроры:

– Әскери институттағы тамақтану тәртібіне жауапты тұлғаға қатысты қызметін асыра пайдаланғаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Тексеріс барысында санитарлық талаптардың орындалмайтынын байқадық. Мемлекетке келтірілген шығын 23 млн теңгеге бағаланды.

 

Жалпы  әскери прокурорлар  өткен 4 айда 16 тексеріс жүргізген екен. Нәтижесінде, 85 әскери қызметші -тәртіптік, 6-уы  – әкімшілік, 2 адам материалдық жауапкершілікке тартылды. Жемқорлыққа қатысты 4 фактінің беті ашылған.

 

Жеңіс Ермұқанов