Денсаулық сақтау

60 адамды кене шақты

 

 

Әспет Әбдірешова, тілші:

– Адамдарға қауіп төндіретін кенелердің белсенділігі сәуір-мамыр айларында күшейеді. Аталған маусым басталғалы бері қалада 60 адамды кене шаққан. Бұл көрсеткіш өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 3 есеге аз.

 

Облыс аумағында кене энцефалитіне қатысты қауіп жоқ. Өйткені, өңірімізде инфекцияның таралуына себеп болатындай табиғи ошақтар тіркелмеген. Жыл сайын қауіпті маусым басталған кезде санитар-эпидемиолог мамандар кенелерге қарсы демалыс орындарында дәрілеу жұмыстарын жүргізеді.

 

Арман Кушбасов, қалалық санитарлық- эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бөлім бастығы:

– Өткен жылы кененің шағуынан бөртпе сүзегі болған екі жағдай тіркелді. Биыл мұндай оқиға кездескен жоқ. Осы күні тұрғындарды кененің шағуынан қорғау үшін Жеңіс және қалалық демалыс саябақтары, басқа да аллеялар дәрімен өңделді. Бұл жұмыстарды жүргізу үшін 3 млн теңге қаржы бөлінді.

 

«Сақтансаң – сақтармын» демекші, орманға немесе қала сыртындағы демалыс орындарына шыққанда барынша абай болу керек. Біз кенеден қорғану үшін көпшіліктің қандай әдіс қолданатынын біліп көрдік.

 

Орманға шыққанда жақсы киіну керек, бүкіл денең жабық болу керек. Қазір көп заттар бар ғой қорғанатын. Кене шаққан жағдай болған жоқ, бірақ содан қайтқан адамдарды білемін.

Биыл демалыста Бурабайға бармақшымын. Кенеден қорғану үшін арнайы дәрі-дәрімекті қолданамын.

Сыртқа демалуға шыққанда бас киім киіп шығу керек. Өйткені, кене көбіне шашқа жабысады.

 

Бүгінге дейін қалада 180 гектар жер кенеге қарсы химиялық дәрі-дәрімекпен өңделген.

 

Әспет Әбдірешова