Құқық қорғау органдары

Жамбыл ауданында телефон лаңкесі ұсталды

Жамбыл аудандық ішкі істер бөлімінің жеке құрамы аяқтарынан тік тұрды. Оларға белгісіз ер адам қоңырау шалып, Преснов селосындағы “Феникс” дәмханасына жарылғыш зат қойылды және өрт шықты деп хабар берген. Арнайы қызметтер оқиға орнына іле-шала жетіп, полицейлер дәмханада еш жарылғыш заттың және қызыл жалынның жоқтығына көз жеткізді. Шамалы уақыт өтісімен ішкі істер бөліміне тағы қоңырау түсіп, бұл жолы “Фортуна” дәмханасына мина қойылды деп хабарлаған. Ол да еріккеннің ермегі болып шықты.

 

Спартак Қабденов, СҚО ІІД жедел уәкілі:

-Шұғыл кешенді әрекет ету барысында екі телефон қоңырауы бойынша да жалған ақпар берілгендігі анықталды. Жедел іздестіру шаралары барысында бұзақы қалжыңбас қолға түсті. Қазір оған қатысты материалдар жиналуда.

 

Телефон террорисі көп ұзамай тәртіп сақшыларының қолына түсті. Ол – Святодуховка елді мекенінің 16 жастар тұрғыны. Қазіргі кезде полицейлер бұзақыны ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатты. Аталған фактіге қатысты ҚР ҚК 242-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Онда 200-ден 500 айлық есептік көрсеткішке дейін айып салу немесе 7 жылға дейін еркіндігіне шектеу қойылуы мүмкін. Сондай-ақ, заңда 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру да қарастырылған. Жыл басынан бомбы қойылды деген үш жалған ақпар түсіп, олардың бәрі ізі суымай ашылды. Полицейлер бүгінде арнайы қондырғылар телефон қоңырауы қай жерден шалынғанын  және кімнің қоңырау соққанын жедел анықтауға мүмкіндік беретіндігін ескертеді. Ойнап жүріп от баспаңыздар.

 

Самат Есмағи