Қоғам

Солтүстікқазақстандық «Іздеушілер» тобы халықаралық Еске алу вахтасынан оралды

 

Москва-Петропавл бағытындағы жолаушылар поезымен өңіріміздің әскери-патриоттық клубтарының мүшелері кезекті “Еске алу вахтасынан” оралды. Іздеушілер тобының құрамында Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенті Любовь Петрова да бар. Нәзік жандыға оңай емес сапарда нағыз ер мінез танытуға тура келген.

 

Любовь Петрова, “Ер Отан” әскери-патриоттық клубының мүшесі:

– Ерлерден қалыспай қазба жұмыстарына толықтай қатыстым. Жауынгер пышағы, оқ-дәрі мен аттың тағасын тауып алдым. Өз қолыңмен сұм соғыстың қалдықтарын алып шыққанда тарихқа еріксіз саяхаттағандай әсерге бөленесің.

 

1942-43 жылдары Ресейдің Новгород облысында кескілескен ұрыстар өтті. Отанын жауға бермей, қасық қаны қалғанша алысқан Кеңес әскерінің мыңдаған жауынгерін сол қанды шайқастарда қара жер құшты. Жалпы, ТМД елдері жастарының басын қосқан экспедиция барысында 587 жауынгердің сүйегі табылыпты.

 

Александр Азегов, “Саланг” әскери-патриоттық клубының жетекшісі:

Жер бетіне көтерілгендердің біреуі – Қызылорда өңірінің тумасы. Біз 17 жауынгердің сүйегін шығардық. Өкінішке қарай, табылған сүйектердің тек 2 ғана кімдікі екенін анықтау мүмкін болды. Отан үшін отқа түскен қайсар жандардың сүйектері бауырластар зиратына құрметпен жерленді.

 

Содай-ақ, іздеу жұмыстары Тула облысында да жүргізіліпті. Жергілікті “Поиск” жасағының 9 белсендісі 18 сарбаздың сүйегін тапқан.

 

Артем Курбанов, “Поиск” тобының мүшесі:

Біз 6 жауынгерді қазып алдық. Костромалық жасақпен бірлесіп тағы бірнеше сарбаздың сүйегін шығардық. Біреуін медальоны арқылы анықтадық. Өзгелерінің есімдері беймәлім болғанымен, келешек ұрпақтың жарқын болашағы үшін жандарын пида еткендері айдан анық.

 

Іздеушілер сапар жайында толығырақ алда өтетін баспасөз мәслихатында әңгімелейді.

 

Жеңіс Ермұқанов