Спорт

«Қызылжар» футболшыларының кездесулері сәтті өтуде

 

 

Кезекті маусымды жергілікті аяқ доп шеберлері сәтті бастады. 7 ойыннан кейін турнир кестесінің 4 сатысында келеді. “Қарасай” стадионына жиылған 2,5 мыңға жуық жанкүйер бұл жолы да сүйікті командасының жеңетініне үмітті. Теміртаудың “Болатымен” өткен тартыстың барысын облыс әкімі Самат Ескендіров те тамашалады.

Төреші ысқырысымен жерлестеріміз ойын тізгінін өз қолдарына алып, қос қапталдан жойқын шабуылға көшті. Алайда бәсекелес сылбыр ойын көрсетіп, тегеурінін аса танытпағанымен бар талпыныс қақпаны торуылдаумен ғана шектеліп отырды. Әйтеуір, ширек сағаттай көрсеткен қысымдары мен жұмсалған күш-жігерлері зая кетпеді. Бұрыштама добынан соң қақпа кілті ашылды.  Бұдан соң болаттықтар қарымтаға басты. Бұған петропавлдықтар онша саса қоймады. Алаң иелерінің тас қамалдай қорғаныс шебі әрекеттерін су сепкендей басып отырды. Ала допты іліп әкетіп ұршықтай иірген шабуылдаушы топ тағы бір саңлау тауып, есепті еселейтін мүмкіндікті қалт жібермеді.

Қонақтар орындаған айып добы да қақпадан қиыс кетіп, жіберіп алған доптары жауапсыз қалды. Өстіп, ойын өрнегі кездесудің соңына дейін өзгерген жоқ. Қарсыластар  2:0 есебімен тарқасты. Нәтижесінде өңірлік футбол клубы турнир кестесінің екінші сатысына көтерілді. 12-ші мамыр күні де өз алаңында Астананың “Бәйтерегін” қабылдаған қызылжарлықтар үш ұпайды қанжығасына байлапты. Ондағы жеңіс голын Олександр Згура соқты. Жергілікті шабуылшы әзірге лиганың үздік бомбардирі санатында келеді. “Қарасай” стадионындағы келесі ойын мамырдың 29-ында Екібастұз қаласының құрамасымен өтеді.

 

Жеңіс Ермұқанов