Қоғам

Жеңіс саябағындағы мерекелік шаралар

 

Айдана Демесінова, тілші:

-Ұлы Отан соғысы миллиондаған адамның жүрегіне жара салды. Қанды шайқас кіндік қаны тамған жері үшін күрескен талай жанның өмірін қиды. Олардың өшпес ерлігі ұрпақтың мәңгі есінде қалмақ. Өйткені, бейбіт елде өмір сүруіміз ардагерлеріміздің арқасында.

 

Жеңіс күнін жақындатқан аталарымыздың батылдығына бас иген жерлестеріміз Жеңіс саябағына жиналды. Бұл жерге келгендердің қарасы қалың.

 

Жасұлан Құдабаев аспанды қара бұлт торлаған сол жылдарды көзге жас алып еске алады. Қанды майдан ардагердің жүрегіне сызат түсірген. Жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де сол жара әлі күнге жазылмай келеді дейді ол. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін Ұлы Отан соғысында қан төккендердің рухына тағзым етуге келді. Өңір жетекшісі Самат Ескендіров те ардагерлердің ерлігі мен еңбегіне бас иіп, гүл себетін қойды. Кейін Жеңіс саябағына келген барша қауым қаза болған жауынгерлерді 1 минуттық үнсіздікпен еске алды. Қайғыға толы соғыс жылдары халық санасындағы өшпейтін дақ болып қала бермек.

Әдеттегідей, бұл күні дала асханасының дәмі де әзірленді. Мұнда солтүстікқазақстандықтар майдандағы жауынгерлердің негізгі асы – ботқадан дәм татты.

 

Қуандық Байбосынов:

-Бүгін ардагерлерге ғана емес, өзге тұрғындарға да ботқа дайындадық. Оның құрамы еш өзгермеген. Соғысқа қатысқан аталарымыз жеген тағамды  қазіргі ұрпақ та татып көрді.

 

Жеңіс мерекесі – барлығы үшін ең ыстық мейрам. Өйткені, дәл осы күні ержүрек аталарымыз  адамзатты қасіретке батырған сұм соғысқа нүкте қойды.

 

Айдана Демесінова