Аптадағы маңызды жаңалықтар

Солтүстікқазақстандықтар Жеңіс күнін атап өтуде

 

Жеңіс Ермұқанов, тілші:

– ҰОС жылдары әрбір 4-ші қазақстандық майданға аттанды. Бұл – 1 млн. 700 мың жауынгер. От пен оқтың арасында ажалға қарсы тұрған қайсар отандастарымыздың 600 мыңнан астамы кескілескен шайқастардан оралмады. Осылайша қанды қырғын әр үйдің өміріне жазылмас жараның ізін қалдырды. Бұл күн халқымыздың тарихындағы қаралы бет қана емес, сонымен қатар теңдесі жоқ батырлық пен ерліктің, отансүйгіштіктің жарқын белгісі болып мәңгі сақталып қалмақ.

 

Қасиетті ақ қайыңдар мекені саналатын шұрайлы өңірімізден ғана 74 мыңнан артық адам айбынды Кеңес әскерінің қатарына қосылды.  Солардың бірі Василий Турашев Қиыр Шығыстағы ұрыстардың алдыңғы шебінде болған қайсар жауынгер. Бүгінде сексеннің жетеуіне иек артқан қарт майдангер кеудесі ерліктерінен сыр шертер орден, медальдармен көмкерілген.

 

Василий Турашев, соғыс ардагері:

-19 41 жылы фашистік Германия опасыздықпен бүйірден соғып қабырғамызға қатты батты. Бізге өмірдің бейнетін көруге жазды. Бүгін бақытты ғұмыр кешіп келемін. Ал 40-шы жылдары бұның бәрін көре алмай құрбан болып кеткендері қаншама. Бақытты болашақ үшін жан қиған боздақтарға тағзым ету керек.

 

Әуеде ұшқыш, жерде танкист пен жаяу әскер Ұлы Жеңіс жолында жаумен алысты. Ел басына қара бұлт үйірілгенде жауынгерлер бір ананың балаларындай Отан деген ыстық ұғыммен жігерленіп, қарсы келген дұшпанға қаймықпай тойтарыс берді. Сол сұрапыл жылдары “Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін” деген тыл еңбеккерлерінің де қаһармандық істері ұмытылмақ емес. Шаттыққа толы балалық шақпен ерте қоштасып, ел қатарлы еңбек етіп есейген жандардың бірі – Әмірхан Байкенов.

 

Әмірхан Байкенов, тыл еңбеккері:

– Соғыс аяқталғанша өгіз айдап, бейнет көрдік. Қазіргідей сегіз сағаттық жұмыс емес. Уақыт деген түсінік болған жоқ. Күннің атысынан батқанша дейін жұмыс жасадық.

Биыл Ұлы Жеңіске – 68 жыл. Қасиетті мейрамды ұлықтау салтанатына жиналған қауымды облыс әкімі Самат Ескендіров құттықтады.  Сонау отты жылдары өңір халқының 4/1 қан майданға аттаныпты. Адамзат тарихындағы ең зұлмат қантөгісте тең жартысы жарқын болашақ үшін ажал құшты. 53-і Кеңес Одағының батыры атағына лайық деп танылды. Ер есімі ел есінде! Отан үшін отқа түскен боздақтар құрметіне бір минуттық үнсіздік жарияланды.

Кейін қайырымды ұрпақ “Мәңгілік алау” мемориалдық кешеніне гүл шоқтарын қойып, сұм соғыста опат болған ардагерлердің рухына тағзым етті. Алғашқы гүл себеті – облыс әкімінің атынан. Бұдан кейін қызыл қалампыр ұстаған ҰОС қатысушылары, тыл еңбеккерлері , қоғам қайраткерлері, мемлекеттік қызметшілер мен жастар легі ұзын-сонар кезек құрды. Тәуелсіздіктің шуақты күндерін көрген Ұлы мейрамның бас қаһармандарының қатары да күн санап сиреп барады. Бүгінде өңір бойынша тек 407 ардагердің көзі тірі.

 

Ескен Дүйсенбеков:

-Менің әкем мен атам соғысқа қатысып, Қызыл жұлдыз ордендеріне ие болды. Майданнан аман-есен оралғанымен бүгінде екеуі де қатарымызда жоқ. Соларға тағзым етуге келдік.

 

Осы жерде алаңға жиылғандар өңір әскерилері әзірлеген жауынгер ботқасынан дәм татты.

Батыр жауынгерлердің игі ісін бірлігі жарасқан бүгінгі ұрпақ бейбіт аспан астында лайықты табыстармен жалғастырып жүр. Ашық аспан сыйлаған қадірменді жерлестерімізге барынша құрмет көрсетіліп келеді. Дарынды өрендер мерекелік бағдарламада сұм соғыстың зардабы мен орындалған арманның көрінісін шебер қоя білді. Ардагерлер ұранға айналған сүйікті әндерін тыңдап ерекше сүйсініп бір марқайып қалды. Әсем концертті тамашалаған қариялардың жүректері шаттанып, жүздерінде бір сәт жастық нұры ойнады. Білімді де жігерлі тәуелсіз ел жастарының тілегі бір – ардагерлер сыйлаған бейбітшілікті көздің қарашығындай сақтап еліміздің гүлденуіне атсалысу.

 

– Менің атам Кеңес Одағының батыры болды. Мен сабағымды тек беске оқып атамның үмітін ақтаймын.

– Бейбіт аспанда өмір сүріп жатқанымыз ардагерлердің арқасы. Біз жастар ерліктерін ақтап, елдің гүлденуіне өз үлесімізді қосуға тырысамыз.

-Бүгінгі Мамыражай тыныш өмір аталарымыз қалыптастырған берік бірліктің нәтижесінде келді.

 

Жеңіс Ермұқанов