Қоғам

“Даңқ” ескерткіші жанында Отан үшін опат болғандар рухына тағзым етілді

 

Соғыс жылдары қаза тапқан майдангерлердің ерлігі ел жадында мәңгілік сақталып, есімдері тарихта алтын әріптермен жазылды. Бүгін соғыс және еңбек ардагерлері, әскери қызметкерлер мен жастар ел үшін жанын пида еткен жауынгерлердің рухына тағзым етті. Демалыс және мәдениет саябағындағы “Даңқ” стеласына гүл шоғын қою рәсіміне облыс әкімі Самат Ескендіров қатысты. Жиылған қауым елі мен мен туған жері үшін қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Соғысты көзімен көрген ардагерлер үшін бүгін қуанышты да әрі қасіретке толы күн. Себебі, бұл күні олар сонау сұрапыл жылдары жаумен бірге шайқасып, қан майданнан оралмаған жауынгерлер мен жақындарын еске алып, қаншама адамның өміріне жара салған қанды соғысты тағы бір рет көз алдарынан өткізеді.

 

Қайролла Баженов, тыл еңбеккері:

-Соғыс болмасын, бейбітшілік сақталсын.

 

Жеңіс күнін жақындатуға үлес қосқан жауынгерлердің ерлігін әскер саласында қызмет етіп жүргендер өзімізге үлгі тұтамыз дейді.

Орал Оралханов, 2032 әскери бөлім қызметкері:

– Бүгінгі күн баршамыз үшін маңызды күн.

 

Ал, ескерткіш маңына жиылған жастар ардагерлерді Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтады.

 

Әспет Әбдірешова, тілші:

– Жеңіс күні – адамдардың ұлтына, дініне, тілі мен мәдениетіне қарамастан ортақ қуаныш күні. Бұл күн ел жадынан ешқашан өшпейді. Бүгінгідей бейбіт көк аспан үшін жанын құрбан қылған жауынгерлердің рухына тағзым ету – баршамыздың парызымыз.

 

Кейін облыс әкімі Самат Ескендіров бастаған қауым ұшқыш-ғарышкер Владимир Шаталовтың мүсініне гүл шоқтарын қойды. Бұл шараға ұшқыш-ғарышкер Александр Викторенко мен Парламент Сенатының депутаты Анатолий Башмаков та қатысты.

Бұл күні ескерткіш маңына жиылған солтүстікқазақстандықтар барша адамдарды Жеңіс күнімет құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.

 

– Жеңіс күні құтты болсын. Аспанымыз ашық, заманымыз тыныш болсын.

– Бұл күн еске алу күні. Біздің әкелеріміз бен аталарымыз бізге осындай жарқын болашақ сыйлап кетті. Сол үшін алғысымыз шексіз.

– Мереке құтты болсын. Ардагерлеріміз аман болсын!

 

Әспет Әбдірешова