Қоғам

Облыс әкімі Самат Ескендіров соғыс ардагерлерін үйлерінде құттықтады

 

 

Осы күні облыс әкімі Самат Ескендіров соғыс және еңбек ардагері Валентина Волкодавтың шаңырағында болып, қарт майдангерді Жеңіс күні мерекесімен құттықтады. Соғыс басталған шақта 19 жастағы бойжеткен көпір салатын механикаландырылған отрядқа әскер қатарына алынып, майдан даласында біздің жауынгерлерімізге жол салған. Валентина Архиповна Жеңіс күнін Берлинде қарсы алыпты. Алайда, оның майдан жолы 1945 жылдың 20-қазанында аяқталған. Кейуананың омырауындағы «Германияны жеңгені», «Варшаваны азат еткені» және «Берлинді алғаны үшін» медальдері оның сұралып соғыстағы жүріп өткен жолынан сыр шертеді. Өткенді еске алған қария жеңіске жету оңай болған жоқ дейді.

 

Валентина Волкодав, соғыс және еңбек ардагері:

– Бұл мереке мен үшін бір жағынан қуанышты, бір жағынан күйінішті. Себебі, қанша майдандас жолдастарымнан айрылдым. Жалғыз тілегім – ұрпақтарымыз біздің көргенімізді көрмесін. Бейбіт күнде өмір сүрсін.

 

Өңір басшысы Ұлы Отан соғысының ардагері Қабдөш Қалиевтің шаңырағына да ат басын тіреп, майдангерді Жеңіс күні мерекесімен құттықтады. Облыс әкімімен әңгіме барысында Қабдөш аға Батыс Украинаны азат етуге қатысқандығы туралы айтып берді. Ондағы көрсеткен ерлігі үшін солтүстікқазақстандық жауынгер “Ұлы Отан соғысы ” ордені және “Ерлігі үшін” медалімен марапатталады. Елге оралысымен Қабдөш Қалиұлы бар ғұмырын білім саласының өркендеуіне арнаған.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Өзіңізді өңір жастары жақсы біледі. Олар сіздің кезінде Петропавл педагогикалык институтына басшылық еткеніңізден хабардар. Өскелең ұрпақ сіздердің ерліктеріңізді ешқашан ұмытпайды.

 

Өз кезегінде Қабдөш Қалиев облыс әкіміне сиясы кеппеген еңбегін тарту етті. Жаңа кітап “Қазақ мемлекеттігінің тарихынан. Тәуелсіз Қазақстан Республикасының құрылуы” деп аталады.

 

Самат Есмағи