Құқық қорғау органдары

Үздік тәртіп сақшылары марапатталды

 

Өңір полицейлері Ұлы Жеңіс мейрамы қарсаңында сап түзеді. Қоғамдық тәртіп күзетінде жүргендер осылайша майдангерлерді ұлықтап, сұм соғыс жұтқан жауынгерлердің рухына тағзым етті. Салтанатты жиынды ашқан облыс әкімі Самат Ескендіров қоғам тыныштығын сақтауда тәртіп сақшыларының маңызы ерекше екенін атап өтті. Жергілікті құқық қорғау органдарының жұмысына ҚР Парламенті Сенатының депутаты Анатолий Башмаков та оң бағасын берді.

Ғарышкер-ұшқыштар жерлесіміз, Кеңес Одағының батыры Александр Викторенко мен ҚР Халық қаһарманы Талғат Мұсабаев та жиналғандарды Жеңіс мейрамымен құттықтады.Антына адал, сертіне берік қызметкерлер облыс әкімінің құрмет грамотасы мен алғыс хаттарына ие болды. Министрліктің “Үздік қызметі үшін” кеуде белгілері де өз иелерін тапты. Бірқатары мерзімінен бұрын шені бойынша бір саты жоғарылады. Тағы біршамасының иығына алғашқы офицерлік погон тағылды. Бұл күні ардагерлер қауымы да ұмыт қалмай, ерекше құрметке бөленді. Қуаныш Беркімбаев саналы ғұмырының 25 жылын қылмыспен күресуге арнапты. Құрметті демалысқа майор шенінде шыққан. “Арлан” арнайы тобы жиналғандарға әскери қолданбалы өнерден көрсетілім ұсынды. Жедел әрекет ету жасағының жауынгерлік жабдықталуы мен қызметтік көліктердің мүмкіндіктері арнайы жайылған көрмеде таныстырылды. Қадірменді меймандар жуырда жаңартылған “Динамо” стадионына ағаш көшеттерін отырғызды. Аса жауапты қызметтегілердің шымыр болғаны абзал. Мерекеге орай полицейлер шағын футбол және волейболдан турнир ұйымдастырды.

Жарыс қорытындысы бойынша қолдоп ойынының бас жүлдесін қылмыстық атқару жүйесінің қызметкерлері ұтып алды. Ал, жасанды футбол алаңындағы тартыстарда жол сақшыларына тең келер қарсылас табылмады. Жеңімпаздарды өңір жетекшісі марапаттады.

 

Жеңіс Ермұқанов