Денсаулық сақтау

Тегін стоматологиялық көмек

 

Ұлы Отан соғысының ардагері Виктор Барышников тісі ауыра қалса “Юди-Дент” стоматологиялық емханасына келіп, тексеріледі екен. Ол үшін мұнда барлық жағдай жасалған, әрі тегін қызмет көрсетіледі.

 

Виктор Барышников, Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Мұнда адамдардың бәрі ақжарқын, өз жұмыстарын жақсы біледі. Кабинеттері таза, жарық. Тегін қызмет көрсетеді. Бәрі көңілімнен шығады.

 

Мұндай тегін медициналық көмек облыстық балалар стоматологиялық емханасы мен тағы осындай 5 жеке меншік орталықта көрсетіледі. Белгілікті бір топқа жататын тұрғындардың денсаулығын стоматолог мамандар жоспарлы түрде бақылап отырады.

 

Анна Пышная, облыстық балалар стоматологиялық емханасының бөлім меңгерушісі:

– Кепілдендірілген медициналық көмек көрсетуде шұғыл стоматологиялық көмек зейнет жасындағы егде адамдарға, Ұлы Отан соғысына қатысқандар мен мүгедектерге, толық емес отбасылар мен ата-ана қамқорынсыз қалған балаларға көрсетіледі. Ал, жоспарлы стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдерге жасалады.

 

«Данара» жеке меншік стоматологиялық кабинеті 15 жылдан бері тұрғындарды қабылдайды. Соның ішінде соңғы үш жылда тегін қызмет түрлері де көрсетіледі. Барлығы мұнда 6 білікті дәрігер жұмыс істейді.

 

Ғалия Бижанова, «Данара» ЖШС директоры:

– Біз шақыру бойынша бірінші және екінші топтағы мүгедектер мен Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне қызмет көрсетеміз. Бізге қоңырау шалып, көмекке жүгінгендерге бір күн ішінде баруға тырысамыз.

 

Вера Ракицкая стоматологиялық емхана көмегіне тұрақты түрде жүгінеді. Медициналық орталықтың дәрігерлері Жеңіс күні қарсаңында Ұлы Отан соғысы ардагерінің үйіне гүлдерін де ала барды. Көпті көрген қарияға ұзақ өмір мен денсаулық тіледі. Соғыс жылдары ол фельдшер болған екен. Ақ халаттылардың қызметі мен көңіліне алғысы шексіз.

 

Вера Ракицкая, Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Дәрігерлер мені ешқашан ұмытпайды. Сонысына алғысым шексіз. Үнемі келіп, жағдайымды бақылап тұрады.

 

Егер стоматологиялық емханаға барып қаралатын болса, адамдарда оның әлеуметтік жағдайын анықтайтын құжаты болу керек.

 

Әспет Әбдірешова