Мәдениет

Погодин атындағы облыстық драма театрының ұжымы Жеңіс күніне орай арнайы бағдарлама әзірледі

Мерекелік бағдарлама «Где-то гроза» қойылымының премьерасымен ашылды. Оның қоюшысы Анатолий Наргеленас. Қойылым мазмұны шынайы оқиғаларға негізделген. 

Анатолий Наргеленас, қоюшы-режиссер:
– Менің бір көршім болды, соғыс ардагері, шекарашы болған. Ол маған соғыстың бас кезіне қатысты бірқатар оқиғалар жайында әңгімеледі. Сосын мен еврей орталығына жиі барып жүрдім, онда  холокост туралы көп естідім.  Соның бәрі жиылып, соғыс басталардан бірнеше күн бұрынғы  өмірді көрсету туралы ойға жетеледі.

Қойылым оқиғалары шекара заставасында өтеді. Соғыс болатыны туралы көпшілік білмеді. Солардың бірі – застава бастығы Евгений. Ол көп қиындықтармен Мәскеуде тұратын әйелін өзінің жанына ауыстыруға рұқсат алады,  алайда әйелі шекараға барудан бас тартып, өзінің орнына қызын жібереді. Бірақ қыз әкесіне жете алмайды.  Қойылым қайғылы аяқталады, кейіпкерлердің бір де бірі Жеңіс күнін көре алмайды.

Қойылым соңында көрермендер Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.  Мерекелік кеш соңында соғыс жылдары кең таралған әндер орындалды.