Спорт

«Қызылжар барысы» турнирі

 

Елімізде маусымның 30-ы «Қазақстан барысы» өтеді.    Сондай-ақ, маусымның 9 -11-і аралығында Петропавлда қазақша күрестен ел чемпионаты ұйымдастырылмақ. Бұл облыс орталығында өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Байрақты додада балуандар халықаралық жарысқа іріктеледі.

Биыл қазақ күресінен «Қазақстан барысына» іріктеу үшін еліміздің түкпір-түкпірінде кезең-кезеңімен турнир өтуде. Осы жолы біздің қызылжарлық балуандардың мықтысы анықталса, кейінгі кезек Қостанай мен Шығыс Қазақстан облысына тиеді.

 

Марат Шәмшінұров, ҚР қазақ күресі федерациясының вице-президенті:

– Қазақстан бойынша турнирге 800 балуан қатысады деп күтілуде. Ол – ауылда, ауданда, қалада, облыста күрескен балуандар. Елімізде қазақ күресі Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облысы және СҚО-нда соңғы 4-5 жылда жақсы даму үстінде.

 

«Қазақстан барысына» іріктеу турнирі әдеттегідей еліміздің Әнұранымен басталды. Бұдан кейін «Қызылжар барысы» атануға ниет білдірген 32 балуанға өңір басшысы Самат Ескендіров сәттілік тіледі. Биыл былтырғыға қарағанда қазақ күресінен «Қызылжар барысы» атағына таласатын спортшылардың саны біршама артқан.

 

Гүлбану Ахметова, тілші:

-Балуандарды қолдау үшін орталық алаңға халық көп жиналды. Өйткені, дәл осы күні қазақ күресінен «Қызылжар барысы» анықталады. Жүзден жүйрік шыққанның еншісіне 1 млн теңге мен алтын белбеу бұйырмақ. Және өңір намысын республикалық турнирде қорғауға жолдама алады.

 

Балуандар 4 айналым бойынша анықталды. Әр жұптағы спортшыларға боз кілемде белдесу үшін 5 минут уақыт берілді. Ал, көрермендер болса, осы аралықта балуандарын қолдап, демеу болып отырды.

 

-Қазақ күресінен облыстық жарыс жақсы өтіп жатыр.

-1965-ші жылдары өзім де күрескенмін. Сондықтан да бүгін қазақша күресті тамашалуаға келдім.

-Менің ойымша енді, Шал ақын ауданы жеңіске жетеді. Өйткені олар осал емес. Жарыс жүлдегері болып ораламыз деп ойлаймын.

 

Жамбыл ауданының балуаны Төлеген Жетпісбаев та бас жүлдені жеңіп алу үшін өз күшін сынап көрді. “Керей” лақап атымен танылған спортшы Ғ.Мүсірепов ауданыннан келген Ғизат Қалықовпен кездесті. Спорт шебері 74 келі салмақта белдесіп, көк бұрыштағы қарсыласын жеңді. Сөйтіп, алғашқы айналымнан сүрінбей өтті. Әлі алда Төлеген 3 жекпе-жек өткізбек. Сөйтіп, барлық айналымнан сүрінбей өткен 2 жұптың арасынан 1,2,3 орындардың иелері анықталды. Балуандар ақтық сында барын салып, бас жүлдені қанжығасына байлау үшін тырысты. Сөйтіп, үздік үштіктен 97 келі салмақ дәрежесіндегі спорт шеберіне үміткер Исатай Макарамов көрінді. Қызылжарлық балуан 150 мың теңгеге ие болды. Ал, «Қызылжар барысын» өткен жылы жеңіп алған Әскери институттың спортшысы Айбек Қырықбай  екінші орынды иеленді. Ол өзінің қарсыласы петропавлдық Рустам Жумаевқа есесін жіберіп алды. Дегенмен, Айбек Қырықбай өңір намысын қорғау үшін Қазақстан барысы турнирінде де өз күшін сынайтын болады. Ал, бас жүлде 129 келі салмақ дәрежесіндегі петропавлдық балуан Рустам Жумаевқа бұйырды. Сондай-ақ, оған алтын белбеу мен 1 млн теңгенің сертификаты табыс етілді. Өзінің жеңетініне сенімді болған Рустам енді Қазақстан барысына қатысады. Енді, қос балуан Рустам Жумаев пен Айбек Қырықбай өңір намысын «Қазақстан барысы» турнирінде қорғайды.

 

Гүлбану Ахметова