Қоғам

Киров атындағы заводта Жеңіс күніне арналған жиын өтті

Ұлы Отан соғысының ардагері Павел Хмельницкий өмір бойы иық тіресіп еңбек еткен әріптестерімен жыл сайын Ұлы Жеңіс күні қарсаңында бұрынғы жұмыс орнында кездесіп тұрады. Қарт жауынгер майданға 17 жасында аттаныпты. Соғыстан кейін экономиканы көтеруде аталмыш зауытта еңбек етті. Бүгінде жаумен алысқан 5 зауыттық ардагердің ғана көзі тірі.

 

Павел Хмельницкий, Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Зауыттың бүгінгі қызметкерлері бізді ұмытпайды. Әрдайым сыйластық танытып, қолдау жасап тұрады. Жиындар мен мерекелік кештердің қадірменді қонағымыз. Кеудем медальдармен көмкерілген, айналам немерелерім мен қайырымды жастарға толы. Бұдан артық бақыт жоқ шығар.

 

1941 жылы Мәскеудің қорғаныс зауыты Петропавлға көшірілген болатын. Сол сұрапыл соғыс жылдары өндіріс орнында майданға қажетті әскери өнімдер шығарылды. Негізінен Кеңес әскеріне аса қажет радиостансалар мен қару-жарақтың бөлшектері құрастырылды. Бүгінде 73 жылдық тарихы бар зауыт бейбіт өмірге қажет құрылғыларды әзірлейді. Негізгі жұмыс күшін жастар құрайды. Дәстүрге сай 5 жас маманға жатақхана кілті табыс етілді.

 

Олеся Липатова, “Киров атындағы зауыт” АҚ есепшісі:

-Мен Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін Жеңіс мейрамымен құттықтаймын. Зауыт басшылығы біздерге үлкен қолдау жасайды. Табысты еңбек етуге бар жағдайлар қарастырылған. Бүгін баспаналы болғаным – осының айғағы.

 

Жеңіс Ермұқанов