Қоғам

Энергетиктер соғыс ардагеріне құрмет көрсетті

Кәсіпорын қызметкерлері мен ардагерлер кеңесінің мүшелері Ұлы Отан соғысында қаза тапқан солтүстікқазақстандықтарға арналған ескерткішке жыл сайын келіп, жауынгерлердің рухына тағзым етеді. Олар осы жолы да майдангерлердің құрметіне гүл шоқтарын қойды. Жеңістің ауыр жолмен келгенін жастар жақсы түсінеді. Себебі, бұл жолда қаншама боздақтың өмірі қыршыннан қиылды.

 

Руслан Латыков, облыстық жетім балаларға арналған мектеп-интернат тәрбиеленушісі:

– Ардагерлерге деген алғысым шексіз. Болашақ үшін өмірлерін қиды. Біздің тарапымыздан алғыс айтып қою аз, сондықтан мен олардың ерліктеріне басымды иемін.

 

Кәсіпорын қызметкерлері Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлерді үйлеріне барып құттықтауды да естен шығарған емес. Бүгін олар Александр Глазыринді құттықтады.

 

Еділ Көпенов, «СевКазЭнерго» АҚ басқарма төрағасы:

– Сізді Ұлы Жеңіс күнімен құттықтаймын. Сіздер сияқты жандардың арқасында бүгінгідей бейбіт өмірде күн кешіп жатырмыз.

 

Александр Глазырин майданға 1944 жылы аттаныпты. Онда жасы не бары 17-де екен. Әскери борышын Балтық флотында өтейді. Ленинград қоршауын бұзуға қатысып, бұдан соң Таллин мен Праганы азат етуге қатысады. Осылайша, елге 1951 жылы ғана оралады. Ал, соғыстан кейінгі өмірінің 34 жылын ол энергетика саласына арнаған.

 

Александр Глазырин, Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Осы күнге жеткен өзімді бақыттымын деп санаймын. Жеңіс күнін жыл сайын асыға күтемін. Мен үшін өте толқынысты әрі бақытты күн.

 

Жыл сайын Жеңіс мерекесін асыға күтетін қария Жеңіс саябағына барып, соғыс жылдары қаза болғандарды еске алады. Қарт майдангер осындай тыныш заман үшін шүкіршілік етемін дейді.

 

Әспет Әбдірешова