Билік

Ауыл шаруашылығы саласында еңбекақы деңгейі төмен

Ең алдымен Самат Ескендіров жиылғандарға қаланың жаңа әкімі Төлеген Закарьяновты таныстырды. Кейін облыс әкімі күн тәртібіндегі мәселелерді қарауға кірісті. Алдымен, облыстық бюджеттің 4 ай ішіндегі толығу қорытындысы сараланды.

 

Айдарбек Сапаров, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

-Кей аудандарда жұмыс жоспарға сай орындалмады. Ол Тайынша ауданында 77,3 пайыз, 148 млн теңгенің 3,5 млн теңгесі түспеді. Жамбыл ауданында шаруа 85,3 пайызға ғана орындалды. Айыртау ауданында – 80,8 пайыз, Есіл ауданында 94,8 пайызға атқарылды.

 

Жиында бюджеттің кіріс бөлігі 4 айдың ішінде  119 пайызға толықты. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда бұл 1 млрд 261 млн тг-ге артық. Алайда, кей аудандар бұл көрсеткіш бойынша ақсап тұр. Олар 84 млн теңге көлеміндегі қаржыны облыс қазынасына түсірмеген.

 

Қайрат Нұрмұхамбетов, СҚО салық департаментінің бастығы:

-Жеке табыс салығынан түсетін қаражат 72 млн теңгеге азайған. Мұндай жағдай Тайынша, Жамбыл, Аққайың, Шал ақын, Айыртау, М.Жұмабаев және Есіл аудандарында орын алған.

 

Отырыста қаралған 3-ші мәселе – шығыстар бойынша бюджеттің орындалуы. Құжаттарды электронды форматқа көшіру бойынша аудандар белсенділік танытпайтын көрінеді. Әсіресе, Ақжар ауданы бұл бағытта алға қадам басуға асығар емес. Бұл жерде кіріс және шығыс бойынша бюджеттің атқарылуы да көңіл көншітпейді. Өңір жетекшісі бұл жағдайды сынға алды.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Ауданда барлық бағыттар бойынша көрсеткіштер төмендеген. Бұл жағдайды әкімдікте де талқыладық. Олқылықты жоюға уақыт бердім. Алайда, оның нәтижесі қайда? Сіздердің аудандарыңызда жұмысшыларға жалақыны уақытылы бермейді екен. Салық қызметкерлері, сіздің орынбасарыңыз қайда қарап отыр?! Еңбекақы ай сайын берілу керек! Кей шаруашылықта орташа жалақы 21 мың теңгені ғана құрайды. Бұл мәселені шешу қажет.

 

Тайынша ауданындағы жағдай да алаңдатып отыр. Шығыс бойынша бюджеттің орындалуы бұл жерде 95,6 пайыз ғана. 50 млн теңге игерілмеген. Аймақ басшысы аудандағы проблемаларды шешу мақсатында өзінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаровқа тиісті тапсырма жүктеді.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Айдарбек Сейпелұлы, жұмыс тобын құрып, мереке күндеріне қарамастан, дереу Тайынша ауданына барыңыз. Бұл ауданның жағдайын жақсарту үшін тиісті шараларды қолға алу керек.

 

Аудан әкімдерінің есебін тыңдап болған өңір басшысы олқылықтарды жоюды тапсырды. Әсіресе, жалақы мәселесін шешуді мықтап қолға алу қажет екендігін басып айтты.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Елімізде орташа жалақы көрсеткіші бойынша біздің өңір соңғы орында. Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің екбекақылары да төмен. Осы мәселені шешу керек.

 

Жиын соңында агроөнеркәсіп кешеніндегі жалақы берешегі мәселесі талқыланды. Бұл олқылық 32 кәсіпорында орын алған. Борыштың жалпы сомасы 149,7 млн теңгені құрайды. Облыс әкімі Самат Ескендіров бұл мәселені дереу шешу керектігін айтты.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Ауданның даму бағытындағы барлық шаралардың орындалу жауапкершілігі ең алдымен аудан әкімдеріне, олардың орынбасарларына артылады. Жұмысты жоспарға сай орындау қажет. Егін егу науқанын сәтті өткізуге барлық жағдайлар жасалған. Бұл мүмкіндікті пайдалану керек.

 

Сондай-ақ, аудандардағы әскерге шақыру жұмысына қарқын қосу қажет деді Самат Ескендіров.

 

Айдана Демесінова