Қоғам

Жеңіс саябағында 500 жас ағаш пайда болды

 

Бұл жерді жастар ұйымдарының өкілдері “Жеңімпаздар аллеясы” деп атап кеткен. Олар бұл атау бүгін отырғызылған ағаштар сияқты осы жерге сіңісіп кетеді деген ойда. Бұл жолы ҰОС ерлік танытқан сарбаздардың құрметіне Жеңіс саябағында қайың мен шыршаның 500 көшеті отырғызылды.

 

Рүстем Есенбергенов,  “Жас Ұлан” балалар-жасөспірімдер бірыңғай ұйымының атқарушы хатшысы:

– Жасыл желектер қалаға ерекше көрік береді. Сондақтан, көшеттер отырғызып, туған қаланың көріктенуіне өз үлесімізді қосудамыз.

 

Игі шараға 100 -ден астам жастар қатысты. ҰОС жерімізді сақтап қалу үшін аянбаған аталарымызға мәңгілік қарыздармыз дейді олар. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті Арман Теміртас мұндай акцияларды тек 9 мамыр қарсаңында өткізбей, жиі ұйымдастыру қажет дейді.

 

Арман Теміртас, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

-Біз осы еңбегімізбен ұрпақ үшін жаумен алысқан ардагерлерге құрмет көрсетеміз. Солардың арқасында біз қазір бейбітшілікте өмір сүрудеміз.

 

Істейтін жұмыс әлі де жетерлік. Акцияға қатысушылар бүгін егілген ағаштар жылдар бойы келер ұрпақты қуантады деген үмітте.

 

Инеш Шоқақова