ТКШ

ТКШ жаңғырту

 

 

Интернационал көшесіндегі 3-ші үйдің кірпіші 1961 жылы қаланған. Соңғы рет 23 жыл бұрын күрделі жөндеуден өткен екен. Әбден тозығы жеткен баспананы қалпына келтіру жұмыстарын тұрғындардың қалтасы көтермеген көрінеді. Сондықтан, олар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасына қатысуға бел буыпты.

 

Сергей Николаев, «Аист» тұтынушылар кооперативінің   төрағасы:

-«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы біз үшін өте тиімді деп ойлаймын. Өйткені, қомақты қаржыны бізге несиеге бермес еді. Жөндеу жұмыстары үшін бөлінген қаражатты 10 жыл ішінде қайтаратын боламыз.

 

Жөндеу жұмыстары өткен жылдың қыркүйек айында басталған. Бүгінде үйдің қас беті боялып, подъездерге пластикалық терезелер орнатылды. Электр жабдықтау жүйелері қалыпқа келтіріліп, шатыры ауыстырылды. Тұрғындар жағдайымыз біршама жақсарды деп отыр.

 

Лидия Колесникова, үй тұрғыны:

-Подъезді қалпына келтірді, шатырымызды жөндеп берді. Бұрын жаңбыр жауса, төбеден су ағатын, қазір бұл проблемамыз шешілді. Жөндеу жұмыстары жүргізілмей тұрғанда үйімізде суық болатын, қазір жылы. Қыруыр іс тындырғандарына ризамын.

 

Бұл үйге бағдарлама аясында жылу энергиясын есептеу құрылғысы бар автоматтандырылған жылу пункті орнатылып жатыр. Жаңашылдық тұрғындар үшін тиімді болмақ. Өйткені, осы қондырғы жылу энергиясын үнемдейтін көрінеді.

 

Қанат Баймұхамбетов, Петропавл қаласы тұрғын үй инспекциясының бастығы:

-Есептеу құрылғысын орнатқандар едәуір ақшасын үнемдеді. Мысалы бұрын тұрғындар жылу үшін шамамен 5 мың теңге төлесе, жабдықты орнатқаннан кейін 3500 теңгеден төлеп отырды. Осылайша 1500 тг олардың қалталарында қалды.

 

Интернационал көшесінде орналасқан 3-үйдің жөндеу жұмыстарын маусымның біріне дейін аяқтау көзделіп отыр.

Жалпы, аталған бағдарлама аясында 2 жыл ішінде облыс орталығындағы 93 үй қалпына келтірілді. Ағымдағы жылы 64 баспана жөнделмек.

 

Айдана Демесінова