Энергетика

“Жаңартылатын энергия көздері. Германияда жасалған” көрмесі

 

Елбасы өз Жолдауында қуат көзінің баламалы түрлерін пайдалану жағдайларын ойластыруды жүктеген болатын. Ең бастысы шығыны аз, қуаттылығы аса жоғары жаңартылған энергия – қоршаған ортаға зиянды заттарды бөлмей, экологиялық тазалықтың кепілі болмақ.

 

Бақытжан Жақсалиев, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі:

-Үкімет 2008 жылы энергия үнемдеу бағытында заң жобасын қабылдады. 5 жыл бұрын құрылған маңызды құжат заман талабына сай толықтырылуда. Бүгінде бюджетке аса салмақ түсірмейтін баламалы энергия көздерін іздестіріп жатырмыз. Әсіресе, орталық желіге тарту қиын шалғай аудандарды жарықпен қамтудың жолдары қарастырылуда.

 

Бұл бағытта Германия “Экспо-2017” байқауын тұңғыш рет өткізетін Қазақстанмен әріптестік орнатуға ниетті. Бүгінгі көрме – осының айғағы. Онда “Жасыл экономика” саясатын сәтті ендірген шетелдік меймандардың өміршең жобалары ұсынылды.

 

Михаэль Банцхаф, Германия ФР ҚР-ғы елшілігі істерінің сенімді өкілі:

– Германия 20 жылдан астам уақыт бойы жаңартылған энергия көздерін зерттеп келеді. Неміс елінде өндірілетін жарықтың 21% мен жылу тарататын желілердің 10% жаңа үлгімен жұмыс жасайды. Онда су, жел, жер қойнауы мен биотермалды қуат түрлері меңгеріліп, кеңінен қолданылып жатыр.

 

Көрме ұйымдастырушылары озық үлгідегі заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін бейнефильмге тізіп әкеліпті. Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі мен жиналған қауым жаңашылдықтармен танысты. Тың бастамалардың тұсаукесері еліміздің 8 облыс орталығында жоспарланған. Біздің өңірде де жарық тарату үшін жел, күн энергиясын қолдану үрдісі жанданып келеді. Жуық арада енді бір инновациялық қадам жасалмақ.

 

Александр Тукачев, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ ғылыми істері жөніндегі проректоры:

-Біздің ғалымдар мен инженерлер диотты жарық лампаларын құрастырды. Ол қолданыстағы электр лампаларынан ресурсты 10 есе аз тұтынады. Қазір шығынсыз ауыл жобасын жасап жатырмыз. Ісімізді Қызылжар ауданында сынап көрмекшіміз. Елді мекендегі барлық үйлер мен өндіріс баламалы энергия көздерімен қамтылады.

 

Германдық көрме мамырдың 12-не дейін жалғасады.

Сондай-ақ, ҚР индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі 2 жылу орталығының инвестициялық жобаларымен танысты. Бақытжан Жақсалиевке алдымен қалалықтарды жылу және жарықпен қамтитын қазандықтар цехының жұмысы көрсетілді. Мұнда былтыр қолданыс мерзімі өткен 2 агрегат толығымен жаңартылған. Заманауи пештер іске қосылуымен әрбірі энергияны 2 есеге, бу өнімін 90 гигаколорияға ұлғайтыпты. Биыл қолданыстағы 11 қазандыққа тағы біреуі қосылады. Мүмкіндігі зор нысан сағатына 270 тонна жылу өндіреді деп күтілуде. Қайта құру және жаңғырту бағдарламасы аясында турбиналардың да тең жартысын озық үлгісіне алмастыру көзделген. Кең көлемдегі барлық күрделі жобалардың арқасында жылдық қуаттылық 350 млн. мВт артпақ. Негізгі қондырғылардың 40 пайызы жаңарып қалады.

 

Бақытжан Жақсалиев, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі:

-Бұл қажектілікті артығымен қамтып, тұтынушыларға қызметтің үздіксіз жетуіне мүмкіндік жасайды. Десе де, әлі шешімін күтетін мәселелер жоқ емес. Қондырғылар жаңартылғанымен құбырлар желісінің көп бөлігі тозған. Басқа да олқы тұстардың орнын толтыру үшін акционерлермен жүздесіп талқылау керек. Қайткенде де тұтынушылардың сұранысы толықтай қанағаттандырылады.

 

Жеңіс Ермұқанов