Білім

М.Қозыбаев атындағы СКМУ студенттері әскери парадқа әзірленуде

 

25 мм броньмен қапталған мына 10 орындық “БМП-2” – еліміздегі қарулы күштердің маңызды қорғаныс құралдарының бірі саналады. Ату және тасымалдау қызметтерін бірдей атқарады. Оның ерекшелігі – кез келген кедергіге тоқтамай, қозғалысын жалғастыра береді. Тіпті, су астында да жүре алады екен. Аса жауапты міндет атқаратын темір тұлпар қашанда сақадай сай болғаны жөн. 14 тонналық әскери машинаның құрылысы да өзгеше. Бейбіт Зейнуллин кафедрада әскери шынжырлы көлік нысанының техникалық ақауларын анықтап, дереу қалпына келтіруге машықтанған. Қазір СҚМУ студентінің 2 жыл бойы біліп түйгені тәжірибелік емтиханда сыналуда. Оқу сыныбында орын тепкен мына БМП-ң түпнұсқалық қозғалтқышын кафедраның оқытушылар ұжымы өз қолымен құрастырыпты. Осының арқасында жаяу әскердің борт-механиктері іс жүзінде тәжірибе жинақтайды.

 

Қатран Қазанов, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ жанындағы әскери кафедраның аға оқытушысы:

– Кафедраның техникалық жарақтандырылуы курсанттарға сапалы білім беруге зор ықпал етеді. Бар оқу құралдары шынайы әскери өмірден алынған. Мәселен, мына қозғалтқыштың әр бұрандасын түп-нұсқаға сай етіп жинастырдық. Студенттер 2 жылдың ішінде әскери қолданбалы өнердің қыр-сырын меңгеріп шығады.

 

 

 

Мұнда бүгінде үш мамандық бойынша 271 болашақ офицер оқытылады. Биыл сынақтан сүрінбей өткен 88 түлекке лейтенант шені берілмек. Студенттерге оқуын үзбей, таңдауына сай мотоатқыш құрылымдардың, жаяу әскердің брондық техникасының мамандары және әскери психолог атануларына болады.

 

Файруз Давлетгиреев, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ жанындағы әскери кафедраның оқытушысы:

– Кафедра 1998 жылы құрылды. 15 жылда 2,5 мыңнан артық түлекті үкілеп шығардық. Бүгінде 100-ден артығы еліміздің қарулы күштерінің белді офицерлері атанды. Өзге өңірлердің әскери құрылымдары біздің дайындығымызды жоғары бағалайды. Жылда сұрау жіберіп жатады.

 

Үздік курсанттар мамырдың 7-сі – Отан қорғаушылар күнінде облыс орталығында өтетін әскери парадқа қатысады.

 

Жеңіс Ермұқанов