Құқық қорғау органдары

Облыс бойынша алимент борышы 126 млн. теңгеден асқан

 

Өңірде жыл сайын отбасын құрған 4 мыңға тарта жастың тең жартысы ажырасып кетеді екен. Бұл соңғы 5 жылда қайталанып келе жатыр дейді прокурорлар. Ал, жұптардың бір мыңының балалары бар. Кейбір солтүстікқазақстандық әкелер кейін өз міндеттерін атқаруға асықпайтын көрінеді. Мәселен, қазір алимент қарызы 126 млн 640 мың теңгені құрап отыр. Борыштың бұлай өсуінің себебі – сот орындаушыларда қарызгерлердің табысы мен мүлкін анықтауда тиімді механизмнің жоқтығы дейді қадағалаушы орган өкілдері.

 

Ербол Торсықбаев, облыс прокурорының аға көмекшісі:

-Бүгінде СҚО сот актілерін орындау жөніндегі департаментінің өндірісінде 47 380 құжат жатыр. Оның 5 мыңнан астамы алименттік төлемдерді өтеуге қатысты немесе 11 пайызы 6 840 баланы асырауға байланысты.

 

Прокурорлар жүргізген тексеріс барысында облыстық сот актілерін орындау жөніндегі департаментте 10 жыл бойы орындалмай жатқан құжаттар табылған. Сондай-ақ, борышкерлердің мүлкі мен нақты кірісі бола тұра, қарыз өтелмей келгені де бар. Мысалы, Есіл ауданындағы К. есімді азаматтың баласына берешегі 2001 жылдан бастап жарты миллионнан асыпты. Ал, оның Петропавл қаласында   жылжымайтын мүлкі бар болып шықты. Сот орындаушылары тарапынан соңына дейін тындырылмаған осындай олқылықтар аз емес көрінеді.

 

Рахмет Базылов, СҚО сот актілерін орындау жөніндегі департамент жетекшісі:

-Біздегі алимент өтеуге қатысты жатқан 5 мың құжаттың 1 900-ы орындалуда, яғни жалақылары ұсталынады, ал 3 300 іс бойынша азаматтардың жұмысы да, мүлкі де жоқ.

Ал, жалпы, 26 қарызгер әкімшілік жауапқа тартылған. 3-уі қамауға алынса, қалғанына айыппұл салыныпты. Жиын соңында Қоғамдық кеңес мүшелері аталған мәселені шешуде ұсыныстарын білдіреді.

 

Данаш Хамзина