Қоғам

Майдангер Никита Семёнов Жеңіс күнін асыға күтуде

 

Никита Герасимович ағымдағы жылдың 10 мамырында 93 жасқа толады. Қарт майдангер Ұлы Отан соғысын бастан- аяқ өтіпті. Әскерге 1940 жылы шақырылған. Отан алдындағы борышын өтеп жүрген шақта соғыс басталып, атқыштар полкында 8 айлық курстан өткен өрімдей жігіт бірден ұрыс даласына жіберіледі, снайперші ретінде.

 

Никита Семенов, ҰОС ардагері:

-Снайперлік өте қырағылықты талап етеді. Біздің міндетіміз жау шебінен оқты қарша боратқан минометшілерді атып құлату болды. Ал темір қалқанның сыртында отырған минометші болса ұрыс даласын тек шағын саңылаудан қана көреді. Сондықтан тырп етпестен жасырынып жатып қас қағым сәтті күтесің. Ара қашықтық шамамен 500 метр. Снайперлік винтовканың оғы не бары 700 метрге дейін ғана жетеді. Одан атсаң қағыс кетуің мүмкін.

 

4 жылға созылған алапат соғысты бастан-аяқ жүріп өткен майдангер бір рет те жараланбаған. Өткенді еске алған қария бұл көрер жарығымның молдығы шығар дейді. 1 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірген. Бүгінде олардан екі немере, үш шөбере сүйіп отыр. Тілегі – өскелең ұрпақтың амандығы.

 

Никита Семенов, ҰОС ардагері:

-Төрт жылға созылған соғыстың 4 қысын ашық аспан астында өткіздік. Тіпті моншаға да қар үстінде шатыр құрып түстік. Себебі аш-жалаңаш адамның түрлі сырқатқа шалдығу қаупі зор. Ал адамдар арасында түрлі жұқпалы ауру таратпау керек. Тазалық денсаулықтың кепілі дейді.

 

Бейбіт күнде Никита Степановичтің еліміздің өркендеуіне қосқан үлесі мол. Облыстық ішкі істер органдарында еңбек етіп, капитан шенінде зейнеткерлікке шыққан. Тоқсанның төрінен орын алса да қарт майдангер өзін әлі тың сезінеді.

 

Зура Баймашева, СҚО ІІД госпиталінің учаскелік терапевт- дәрігері:

-16 ардагеріміз бар қарамағымызда. Жастары егде тартқан. Бәрі бірдей дәрігердің қабылдауына келе алмайды. Сондықтан олардың үйлеріне барып, денсаулықтарын бақылап отырамыз. Қажет болса өзіміздің госпитальға жатқызып сауықтырып шығарамыз. Бұл жандарға қандай көмек көрсетсек те артық емес.

 

Қарты бар елдің қазынасы бар деп бекерге айтылмаған. Алланың бергенін жасай беріңіздер демекпіз аға буын өкілдеріне.

 

Самат Есмағи