Қоғам

Кеденші Қайсар Малғаждаровты еске алу

 

Жерлесіміз, кеден қызметінің полковнигі Қайсар Малғаждаров тірі болса мамырдың үшінші жұлдызында 44-ке келер еді. Еске сала кетейік үстіміздегі жылдың 29 қаңтарында Алматының түбінде орын алған әуе апатында Қайсар ажал құшты. Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмыр кешкенімен еліне елеулі азамат болды.

 

Әлібек Қартов, СҚО кедендік бақылау департаментінің бастығы:

– Өзін құзіретті маман ретінде көрсетті. Қызметтін 1995 жылы инспектордан бастап, департамент бастығының орынбасары болды, кейін департамент бастығының міндетін атқарды. Соңғы 9 айда “Алматы кедендік ресімдеу орталығын” басқарды.

 

Өмірінің соңына дейін антына адал, сертіне берік болған азаматынан айрылған ел қаралы. Жазмыштан озмыш жоқ. Қазаға сабырлықпен көнбеске болмайды. Көркем мінезді абзал жерлесімізді еске алуға ағайын-туыс, дос-жара, әріптестері мен көзі көрген азаматтар жиылды.

 

-Кеден қызметіне Қайсар Малғаждаровпен мен бір уақытта келдім. Арамыз 22 жас болса да сенімді серіктерімнің бірі болды. 14 жыл бойы бірге қылмыспен күрестік. Жауапкершілігінің арқасында лауазымды қызмет атқарды. Жас толқынға ақыл-кеңестен аянып қалмаушы еді.

 

Қайсар Мағжанұлының рухына тағзым етіліп, бір минуттық үнсіздік жарияланды. Кейін жиналған қауым кеден   қызметінен сыр шертетін жәдігерлер  қойылған мұражайды аралады. Рухани азық мекенінің бір бұрышы Қайсар Малғаждаровқа арналған. Туған күнінде ашылған экспозициялық қабырғада алғашқы жұмысқа қабылданған өтінішінен бастап мінсіз қызметі үшін тағайындалған наградалары қойылған. Құрмет орденінің иегері 2003 жылы еліміздегі 6 мың кеденшінің ең үздігі атаныпты. Оны айғақтайтын құжаттар мен марапаттау таспасы да осы жерде жайғасқан. Бақытжан Сәмиева інісімен бірге “Алтын бесік” жанұялық очеркін жаза бастапты. Отбасылық шежіренің жарыққа шыққанын Қайсар көре алмады. Кітапша енді мұражайдан орын тебеді. Ер есімі ел есінде мәңгі сақталып қалады. Мамырдың 5-і Қайсар Малғаждаровтың құрметіне шағын футболдан ардагерлер арасында турнир ұйымдастырылмақ.

 

Жеңіс Ермұқанов