Білім

Петропавлдық оқушы халықаралық ғылыми жобалар байқауында жеңімпаз атанды

 

Мына шағын ғана автоматтандырылған «Осирис» роботын 11-сынып оқушысы Михаил Шмурыгин өзінің мұғалімімен бірге жасап шығарған. Құрылғыны компьютер арқылы Bluetooth жүйесімен басқаруға болады. Жақында Алматыда өткен IT-жобалардың «INFOMATRIX»  ғылыми халықаралық конкурсында ол осы еңбегімен бірінші орынға ие болыпты.

 

Михаил Шмурыгин, облыстық дарынды балаларға мамандандырылған «Лорд» мектеп-лицейінің оқушысы:

– Бұл жобаның көмегімен информатика сабағында балаларға ерте жастан бағдарламалау тілін оқытуға болады. Аталған автоматтандырылған құрылғы алға-артқа, оңға және солға қозғалады. Оны жасауға қажетті заттардың бәрі отандық өнімдер.

 

Михаил аталған сайыстың екінші кезеңінде қатысуға жолдама алған. Ол Румынияның Бухарест қаласында 16-20 мамыр аралығында өтеді. «Лорд» мектеп-лицейінің атына тағы бір жетістік әкелген оқушылардың бірі – Людмила Рванова. 8 сынып оқушысы сәуірдің 21-і күні Алматыда өткен республикалық ғарыштық физика және астрономия олимпиадасында екінші орынды иеленіпті. Людмиладан басқа бұл білім сайысына осы мектептен 10-сынып оқушысы Кирилл Бородин да қатысқан. Ол   үшінші орынды иеленіпті.

Людмила Рванова, облыстық дарынды балаларға мамандандырылған «Лорд» мектеп-лицейінің оқушысы:

– Олимпиадаға қатысқаннан бөлек біз түрлі дәрістер тыңдап, телескоп арқылы аспан әлемін бақыладық. Айтарлықтай қиын болған жоқ, дегенмен сайыстың деңгейі өте жоғары болды. Осындай білім додаларының біз үшін берері мол.

 

Мектеп-лицей оқушыларының жетістіктерін мұғалімдері үнемі мақтанышпен айтып жүреді.

 

Константин Рыб, облыстық дарынды балаларға мамандандырылған «Лорд» мектеп-лицейінің директоры:

– Лицейдің жалпы білім беретін мектептерден ерекшелігі – мұнда жоғары сынып оқушыларына өз білімдерін сынауға мүмкіндіктер көп. Осымен екінші жыл біздің мектебіміз ҚР Білім және ғылым министрілінің «Ең үздік олимпиадалық мектеп» грамотасына ие болып отыр.

 

Биылғы оқу жылы басталғалы бері мектеп-лицей оқушылары республикалық деңгейдегі олимпиадалардан 14 жүлделі орын әкелген.

 

Әспет Әбдірешова