Қоғам

Мақсаты – Отанға қызмет ету

 

Отан қорғау. Бұл Еркебұлан Ерсайыновтың алға қойған мақсаты мен мұраты. Осыдан 4 жыл бұрын әскери мамандықты таңдаған жігіт бұл шешіміне өкінген емес. Туған жер алдындағы борышын абыройлы өтеп, жақсы офицер атану үшін мамандықтың қыр-сырын меңгеру керек дейді ол. Сондықтан болар, Еркебұлан әскери институттың бетке ұстар курсанттарының бірі. 2011 жылдың үздік курсанты атанған екен. Талапты жас бос уақытын кітапханада өткізетін көрінеді. Оқу озаты биыл қатарласы Нұрлан Түтешевпен бірлесіп «Қожаберген жырау тұлғасының офицерлерді тәрбиелеудегі маңызы» атты ғылыми жұмыс жазыпты. Бұл еңбектері оқу ошағында 1-орынға ие болып Ішкі істер министрлігіне жіберілді.

 

Еркебұлан Ерсайынов, ҚР ІІМ ІӘ әскери институтының курсанты:

-Отан қорғау әр азаматтың борышы болғандықтан мен де өмірімді әскери саламен байланыстырғым келді. Мерзімдік қызметте ғана емес, офицер ретінде өмірімді жалғастырайын деп осы мамандықты таңдадым. Барлық қиындықтарды, әскери қызметтің ауыртпалықтарын табандылықпен өтеп, ары қарай тек қана жақсы қызметімізді көрсетіп, Отаныма адал қызмет атқарамын деген ойдамын.

 

Сегіз қырлы бір сырлы Еркебұланның бойына ақындық қасиеті де дарыған көрінеді. Шығарған өлеңдерінің дені отансүйгіштік тақырыпқа арналған. Еркебұлан достарының сыйлы сырласы, оқытушыларының мақтанышы. Білгенін үйретіп жатқан офицерлер оның болашағынан үлкен үміт күтеді.

 

Ошақбай Сейітбеков, ҚР ІІМ ІӘ ӘИ «Әскери педагогика және психология» кафедрасының бастығы, полковник:

-4 жыл көлемінде Еркебұлан жақсы білімі, жақсы ұйымдастырушылық жағынан қабілеттілігі, болашақ офицер ретінде өзін жақсы жағынан көрсете білді. Достарының алдында беделді. Мәдени жұмыстарды ұйымдастыру кезінде де көп көмегі тиді. Беделі жоғары офицер болады деп ойлаймын.

 

«Отан үшін отқа түс, күймейсің». Бұл қолына қару алып, өмірін туған елді қорғауға арнаған барша әскерилердің негізгі қағидасына айналды. Оқуын биыл бітіретін Еркебұлан Ерсайынов та өз болашағын елдегі тыныштықты сақтауға арнамақ.

 

Айдана Демесінова