Қоғам

Майдангерлерге 6 млн теңге мөлшерінде көмек көрсетілді

 

Өңіріміздің тумасы Петр Гладков қан майданға 17 жасында аттаныпты. 1943 жылы Украинадағы ұрыстардың алдыңғы шебінде жүрген қайсар жауынгердің бірі. Ел басына қара бұлт үйірілгенде Отан деген ыстық ұғыммен жігерленген бозбала Ұлы жеңіс жолында жаумен алысты. Тұтқында қалған елді мекендерді басқыншылардан тазартуда ерен ерлігімен көзге түсті.

 

Петр Гладков, ҰОС ардагері:

– Шайқастарда екі мәрте ауыр жараландым. Біріншісінен айығып қайта қатарға қосылдым, 1945 жылы алған жарам жеңіс күніне дейін соғысуыма мүмкіндік бермеді. Кейін туған Солтүстік Қазақстан өңіріне оралып, ауыл шаруашылығында бригадир болып қызмет еттім. Сұрапыл жылдары күйреген экономиканы көтеру оңай болмады.

 

80-ң сеңгіріне шыққан Петр Матвеевич әлі тың көрінеді. Қимылы ширақ. Құрметті демалыста отырса да жастарды отансүйгіштікке баулу қамында қоғамдық шараларға үн қосып жүр.

Петр Гладков, ҰОС ардагері:

– Жас келгесін денсаулық сыр бере бастайды ғой. Қатардан қалыспауыма жергілікті атқамінерлер үлкен демеу жасайды. Жыл сайын өзіміздегі шипажайларға, Астанадағы сауықтыру орындарына жолдама алып тұрамын. Дәрігерлер үйге келіп емдеп тұрады. Қаржылай да, рухани тұрғыдан да үлкен көмек жасалады.

 

Ер есімі – ел есінде! Тәуелсіздіктің шуақты күндерін көрген ардагерлеріміздің қатары күн санап сиреп барады. Бүгінде өңірімізде 421-нің көзі тірі. Майдангерлердің 226-сы – облыс орталығынның тұрғыны. Әрқайсысына коммуналдық, медициналық және түрлі тұрмыстық қызметтерге жеңілдіктер қарастырылған. Аптасына екі мәрте әлеуметтік қызметкердің көмегі тиеді.

 

Григорий Кухарь , Петропавл қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Сәуірдің 30 күні әр ардагердің есеп шотына 25 мың теңгеден аудардық. Соғыс жылдары жұбайынан айрылған азаматшаларға 10 мың теңгеден бөлінді. Бұл игі шараға 6 млн теңге жұмсалды. Қайырымдылық сенбіліктері мен қайырымды жандардан бүгінде 10 млн теңге жиналды. Оның бәрі ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталады.

 

Бейбітшілік сыйлаған аға буын өскелең ұрпақтың ықыласына да ұдайы бөленіп тұрады. Белсенді жастар үй шаруашылығын қалыпта ұстауға қауқары жоқ жандардың шаруаларын тындыруға септесуде.

 

Жеңіс Ермұқанов