Құқық қорғау органдары

Көше қиылысында мектеп оқушысын соғып кеткен жүргізуші ұсталды

 

11 жасар қыздың жол-көлік оқиғасы кезінде зардап шеккені туралы хабарды жол полициясына облыстық балалар ауруханасының қызметкерлері хабарлаған. Жапа шегуші ауруханаға медициналық көмек сұрап барған. Оқушының сөзіне қарағанда, жол оқиғасы шамамен күндізгі бес кезінде орын алыпты. Болжаммен алғанда, «Джип» маркалы ақ түсті көлік жол оқиғасы болған жерден ізін жасырған.

 

Константин Пахота, СҚО ІІД ЖПБ іздеу бөлімінің инспекторы:

-Іздеу бөлімі оқиға болған жердегі жақын маңда орналасқан дүкендерді, такси жүргізушілерінен, сол маңдағы үй тұрғындарынан оқиғаға байланысты сұрастыру жүргізген. Соның нәтижесінде куәгерлерден күдікті жайлы аз-кем мәлімет жиналып, аталған автокөлік иесінің кім екені анықталды .

 

36 жасар күдікті өзінің жол-көлік оқиғасына қатысты екендігін мойындады. Оның айтуына қарағанда, жол апаты Әуезов және Чайковский көшелерінің қиылысында орын алған. «Toyota Land Cruiser» автокөлігінің иесі Әуезов көшесінің бойымен қозғалып келе жатқан. Бағдаршамға жетуге бірнеше метр қалғанда, жол жиегінен оқушы қыз жүгіріп шығыпты. Көлік иесі бірден тежегішті басса да, қақтығыстың алдын алу мүмкін болмапты. Шошынған оқушы болса үй ауласына жүгіріп кеткен. Апаттың орын алуына себепкер болған қызды жүргізуші қуып жетіп, оны ауруханаға жеткізіп салғысы келген . Алайда оқушы көмектен бас тартқан. Ал күдікті болса оқиға орнына жол полициясы қызметкерлерін шақырмастан кетіп қалған.

 

– Сіз жол оқиғасы туралы неге бірден  жол полициясына хабарласпадыңыз?

– Шынымды айтсам, сасқалақтап қалдым. Мен мүндайға алғаш рет кезіктім, басымда  – қызды ауруханаға апару керек  деген ой ғана болды. Мен тіпті балабақшадағы ұлыма да барған жоқпын, түн болғанша қызды іздедім.

 

Дәрігерлер қыздың иығындағы сүйек орнынан қозғалған,  жабық сынық бар деген. Қазір жапа шеккен оқушы облыстық балалар ауруханасында емдеу курсынан өтіп жүр. Ал жүргізушіге қатысты ешқайда кетпеу жөнінде қолхат жазылған. Жауап алу жұмыстары жалғасуда. Осы жылдың 3 айының өзінде облыс аумағындағы жолдарда балалардың қатысумен 5 жол апаты орын алған. Оның салдарынан 1 бала қаза болып, 6-уы жарақаттанған.

 

Әспет Әбдірешова