ТКШ

Есіл жағалауы, қаланың шеткері аудандары қоқыстан тазартылмаған

 

Ойқаланы айналып өтетін Есіл өзенінің маңайында аяқ басар жер жоқ. Айнала шашылған қоқыс. Желмен ұшқаны желмен ұшып, жаңбыр суымен шайылғаны өзенге келіп құйылып жатыр. Одан ертеңгі күні түрлі жұқпалы ауру тарамасына кім кепіл. Көбіне ол жерге қоқыс тастайтындар табиғат аясында дем алушылар мен жақын маңның тұрғындары.

 

Нариман Алғожин, Петропавл қалалық әкімдігі коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы:

-Осы айда әкімдік бағдарламасымен «Таза жағалау» жұмысын өткізуді жоспарлап отырмыз. Соның барысында өзен жағалауын тазартатын боламыз.

 

Жергілікті атқамінерлердің құлағына алтын сырға, тазалықты жұрт шу көтерген кезде ғана емес, санитарлық жағдайды алдын ала ойластыру керек. Қаланың орталық көшелерінің жағдайына айтар сынымыз жоқ. Алайда шет аудандардағы жағдай мүлдем бөлек. Бензострой кентіндегі Илья Залманов атындағы 1-ші қысқа көшенің басын бәз біреулер заңсыз қоқыс төгетін орынға айналдырған. Ералы Жақыбековтың бұл жерде тұрып жатқанына 10 жыл. Қоқыстан көтерілген тау жылдан жылға өсіп келеді дейді отағасы. Тұрғындардың шет аудандардағы көшелерге де қоқыс төгетін контейнерлер қойылса деген тілегі бар. Мұндағы тағы бір мәселе жолға қатысты. Бұл жердегі батпақтан көлік тұрмақ, жаяу адамның өзі малталақтап әзір өтеді. Осыны қала басшылығы ескерсе екен дейді тұрғындар. Облыс орталығының санитарлық жағдайын қадағалау үшін 5 бірдей мобильдік топ құрылды. Алайда оның құрамындағы мамандар бізге өз міндеттері жайлы мандытып ештеңе айта алмады. Тазалық сақшыларының жұмысы мұндай болса, өзгеден не сұраймыз сонда.

Самат Есмағи, тілші:

-Облыс орталығының санитарлық жағдайын жақсарту аптасына екі мәрте өткізілетін сенбілікпен шешілетінге ұқсамайды. Қаланың тазалығын қадағалау тұрғысында арнайы моблиьдік топта құрылған болатын. Алайда олардың жұмысы әзірге жазбаша ескерту жасаумен шектелуде. Әсем де ажарлы қалада тұрғымыз келсе, тазалық жинаған жерде емес шашпаған жерде болады деген қағиданы есте ұстайық.

Самат Есмағи