Аптадағы маңызды жаңалықтар

ҮИИД бағдарламасын жүзеге асырудың алғашқы үш жылы қорытындыланды

 

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы іске қосылған 3 жылдың ішінде елдегі қайта өңдеу саласы өсіп, алғаш рет ішкі жалпы өнімнің 19,4 пайызын құрады. Машина жасау саласындағы еңбек өнімділігі 2 есеге артқан. «Бірақ, бұл әлі де айтарлықтай нәтиже емес»,- дейді ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев. Өйткені, осы уақыт аралығында қолға алынған жобалардың ішінде жоспардағы қуаттылығына сай жұмыс істемейтіндермен қатар қызметін мүлдем тоқтатқандары да бар. Қазіргі таңда түрлі себептермен ісі алға жылжи алмай тұрған 19 жоба бар екен. Сол себепті, Үкімет басшысы Серік Ахметов Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне үдемелі индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасының жүзеге асуын бақылау жүйесін әзірлеп, Үкіметке тапсыруды жүктеді. Келесі мәселе – жылыту маусымын қорытындылау және келер қысқа дайындық. Қазіргі таңда өңірлерде жылыту маусымы аяқталған. Петропавл қаласында ғимараттарға жылу беру мамырдың 1 күні тоқтатылады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, селекторлық отырысқа қатысушылар 50 жастан асқан азаматтарды жұмыспен қамтуға байланысты қаулының жобасын қабылдады.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру бойынша барлық кәсіпорындар өкілдерімен бірлескен отырыс өткізу қажет. Бағдарламаны тиімді жүзеге асыруға аудандардың да белсенді қатысуы маңызды. Өңір бойынша бұл бағдарламаға 31 жоба енген.

 

Алайда, оның 11-ндегі жұмыс биыл тоқтап тұрған көрінеді. Сондықтан облыс әкімі мәселеге барынша жауапкершілікпен қарауды тапсырды.

 

Инеш Шоқақова