Мәдениет

Қабырғадағы суреттер байқауы

 

“Мен су әлемін бейнелеймін” байқауы сәуірдің 24-і бастау алған. Оған 12 жерлесіміз қатысуға ниет танытыпты. Олар граффити стилінде “Қызылжар су” серіктестігінің қоршауына сурет салған болатын. Бұл үшін 300 құты бояу мен 30 метр қоршау бөлінді. Наталья Хабенко мен Салтанат Самаева да ерекше сында шығармашылық шеберліктерін көрсетті. Жас суретшілер суы бар құмыра ұстаған жайлаудағы қызды бейнелепті.

 

Наталья Хабенко:

-Біз граффити стилінде бірінші рет сурет салдық. Өте ұнады. Кең байтақ жайлауымызды бейнеледік. Халыққа суды үнемдеу керектігін айтқымыз келді.

Салтанат Самаева:

-Өзгелерге қарағанда бояуды азырақ пайдаландық. Суретті ойдағыдай бейнеледік.

 

Ал, Антон Саенко мен Никита Жигульский сурет салғанда 2 тақтаны пайдаланған. Ауа райының қолайсыздығы жұмысымызды аяқтауға кедергі болмады дейді олар.

 

Антон Саенко:

-Біз тасбақаның үстіне 3 пілді, оның үстіне жерді бейнеледік. Мұны аңыздан алдық. Қаламызда осындай байқаулар жиі өтсе екен деймін. Бұрын да граффити стиліндегі сынға қатысқанбыз.

Никита Жигульский:

-Бұл суретті 2 күндей салдық. Су болмаса тіршіліктің де болмайтынын көрсеткіміз келді. Біз үшін бастысы жеңіс емес, мүмкіндігімізді тексеру маңызды болды.

 

Өнер туындыларының арасында үздігін таңдау қазылар үшін қиын болды. Өйткені, мұнда салынған әр сурет бірінші орынға лайық. Сондықтан қатысушылардың еңбектері жоғары бағаланып, барлығына мақтау қағаздары мен ақшалай сыйлықтар ұсынылды. Мұндай сайыстар ұйымдастыру алдағы уақытта игі дәстүрге айналмақ.

 

Айдана Демесінова